Жайықтың арнасы өзгерсе, БҚО-ның 5 ауданына су бармай қалуы мүмкін

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінен тіршілік нәрі қалай алынып отыр? Жалпы өңірдегі су қоймаларының, гидротехникалық құрылымдардың жағдайы нешік? Мәслені Kazinform тілшісі саралап көрді.

а
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Жайық өзенінің жағалауы қалай бекітіледі?

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев мәлім еткендей, Жайық өзенінің Орал қаласына қарасты Круглоозерный кенті тұсындағы жағалауына айрықша тоқталуға болады.

Марат Төлеғалиұлының сөзіне қарағанда, өңірдің бас өзенінің осы жерде тұзақ тәріздес жағалауы соңғы жиырма жылда 172 метрден 60 метрге дейін жақындады. 

— Аталған учаске толығымен шайылып, өзен арнасы өзгерген жағдайда Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне су ағыны жіберілмей қалады. Бұл — 186 мың адам немесе облыс халқының 30 пайызы тұратын Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов және Тасқала аудандарының ірі елді мекендеріне мелиоративтік судың түсуі тоқтайды деген сөз. Бұл жергілікті су қабылдағыштарын сумен қамтуға байланысты экологиялық және әлеуметтік-экономикалық күрделі жағдайға әкеп соғады, — дейді М.Молдашев. 

техника
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Оның айтуынша, осы мәселені шешу үшін 2024 жылы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 744,6 млн теңге бөлініп, жұмыс басталған. 

Жоба құны — 7,5 млрд теңге. 2025 жылы республикалық бюджет есебінен 2 млрд теңге қаралды. Күні бүгін жобаны аяқтау үшін 4,7 млрд теңге қажет. Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрлігіне бюджеттік өтінім ақпан айында жолданған. 

Басқарма дерегіне сәйкес облыс әкімдігі тағы бір маңызды жоба — Жайық өзенінің сол жағалауын суландыру үшін жалпы ұзындығы 205 км болатын үш магистралды каналды (Жайық-Шалқар, Ащы-Азнабай-Тайпақ және Азнабай-Тайпақ каналдары) қалпына келтіру жұмысын 2021 жылы бастаған болатын.

Магистралды каналдың су көзі — Жайық өзені, қалқымалы насос стансасы арқылы секундына 8 текше метр су жіберу көзделген. 2022 жылы Ащы-Азнабай-Тайпақ каналы пайдалануға беріліп, өткен жылы Азнабай-Тайпақ каналын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. 

Жайық
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

— Қазіргі таңда Жайық-Шалқар каналының реконструкция жұмысын бітіруге 4,3 млрд теңге керек. Бұл жөнінде де министрлікке өтінім жіберілді. Нақтылай айтсақ, жоба құны — 4 млрд 761,945 млн теңге. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 476,194 млн теңге қарастырылды. Биыл бұған 4 млрд 285,7 млн теңге қажет болып тұр, — дейді басқарма басшысы. 

Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқын кезінде елді мекендерге су басу қаупі төнетіні мәлім. Бұл ретте министрлік бекіткен 2025-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Тасқала ауданы Тасқала ауылы маңында Жайықтың саласы — Деркөл өзені арнасын кеңейту жобасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

жайық
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Жобаны қаржыландыру үшін министрліктен 622 млн теңге сұратылды. Мұның мәнісі мынада, Деркөлде тасқын кезінде мұз кептелісі салдарынан Тасқала ауылындағы 7 959 және Бірлік елді мекеніндегі 304 адамның тұрғын үйлері мен қора-қопсыларын су басу қаупі бар.

Содан сақтау үшін 7 км учаскеде өзен арнасын тазалау, кеңейту және түбін тереңдету керек. 

— Орал қаласының өзінде Чичерная және Шамсутдинов көшелеріндегі тұрғын үйлер Жайық өзені жағасынан 5-7 метр қашықтықта орналасқан. Көктемгі тасқын кезінде 500-ден астам адам тұратын 220 үй су басу аймағында қалады. Осының алдын алу үшін жағалауды нығайту жұмысына әкімдіктің шұғыл шығындарына арналған резервінен 1,4 млрд теңге қарастырылды, — дейді М.Молдашев. 

Гидротехникалық құрылымдар мен су қоймалары жаңартыла ма?

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы ұсынған мәлімет бойынша өңірде 162 гидротехникалық құрылым бар.

Соның ішінде су жинау сыйымдылығы 669 млн текше метр 39 су қоймасы және жалпы ұзындығы 2 019 км 63 канал бар. 

Күні бүгін облыс бойынша 25 гидротехникалық құрылым қанағаттанарлықсыз деп танылған.
Үкімет бекіткен ҚР су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында 158 іс-шара көзделген. Соның 100-і облыс әкімдігінің еншісінде.

о
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

— Жоспар аясында, мысалы, Теректі ауданы Барбастау өзеніндегі су қоймаларының каскадын толтыру үшін сорғы стансасы салынады. Жергілікті қазына есебінен 45 млн теңгеге техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, гидротехникалық құрылымдар мен ирригациялық жүйелер күрделі жөнделіп, жаңғыртылады. Деркөлге қоса Шыңғырлау өзені тазартылады. Бұл жоба құны — шамамен 800 млн теңге. Өткен жылы 78,5 млн теңгеге Чиров су қоймасының реконструкциясы басталды. Биыл мұнда 75 млн теңгеге жұмыс өз мәресіне жетеді. Тоғыз су қоймасын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бәрі де ретімен шешілген жағдайда су мәселесі бойынша басқа да көкейкесті жобаларды қолға аламыз, — деді М.Молдашев. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Батысирригация» КММ құрылып, штатта 73 адамның орнына 47 қызметкер жұмысқа қабылданған. 

Мұның себебі, облыста су мамандарының тапшылығы байқалып отыр. Өңірдегі 104 гидротехникалық құрылымның 85-і мекеме теңгеріміне алынды. Биыл 31 арнайы техника сатып алуға 822,9 млн теңге бөлінді.

Тағы бір маңызды жайт, облыста суармалы алқап көлемін екі есе ұлғайту ойластырылып отыр. Өткен жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 2 777 га суарылатын алқап іске қосылып, жалпы аумағы 10 160 гектарға жетті.

Биыл 11 мың гектардың орнына 12 441 гектар алқап суарылып жатыр. Мұның көлемі 2028 жылға дейін 19 100 гектарға жеткізілмек. Сонда ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға барынша қолайлы жағдай жасалады.

Облыстың оңтүстік аудандарын сумен қамтудың маңызы зор. Осы орайда Ресейден су сатып алынып келеді. Биыл Сарыөзен мен Қараөзенге Еділ суы 21 сәуірден беріле бастады. 30 маусымға дейін екі өзен арқылы 41,597 млн текше метр су жеткізілді.

Сол секілді Жәнібек суармалау-суландыру жүйесіне 5 мамырдан 2 шілдеге дейін 10,669 млн текше метр су алынды.

а
Фото: БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Суару жүйесі коммуналдық меншіктен Қазсушар мекемесіне беріле ме?

Су ресустары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының директоры міндетін атқарушы Рауан Хұсайыновтың нақтылауынша, мекеме теңгерімінде 14 су қоймасы, 4 су торабы, 2 сорғы стансасы, 50 ірі гидротехникалық ғимарат, жер арнасында орналасқан 1102,49 км магистралды және таратушы каналдар мен 26 өндірістік және қызметтік ғимарат бар. 

Күні бүгін Жайық өзенінен Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесіне секундына 24,5 текше метр су жіберілуде. Мұндағы су қоймалары 75,3 пайызға толған немесе 195,9 млн текше метр.

Сарыөзендегі су қоймалары — 78,6, Қараөзенде — 43,4, Оралда Шаған су қоймасы — 88,5 пайызға толған. 

— Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен қолда бар нысандарды күтіп ұстау, құрылыс-жөндеу жұмыстарының өнімділігін арттыру үшін филиалдың тозығы жеткен жер қазу-құрылыс техникасын және автокөлік паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы облысқа 41 жаңа техника келсе, соның 36-сы — Өндірісті дамыту қоры арқылы, бесеуі — Қазсушар инвестициялық жобасы есебінен алынды. Биыл жыл соңына дейін мекеме қосымша 8 арнайы техникамен толықтырылмақшы. Бүгінде жаңа арнайы техникалар қайта жаңғырту, ағымдағы жөндеу және механикалық тазартуға жұмылдырылып, 33 шақырым арна тазаланды, 3 нысанда жөндеу, тағы біреуінде қалпына келтіру жұмысы жүргізілді, — дейді филиал басшысы. 

жайық
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Оның мәлімдеуінше, биыл барлығы 31 нысан ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 190 шақырым арна тазаланады. Сондай-ақ филиал теңгеріміндегі 4 нысанға көпфакторлы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Күні бүгін Ақжайық ауданы Тоған елді мекеніндегі Киров су қоймасы қайта жаңартылып жатыр. Нысанның дайындық деңгейі — 76 пайыз. Жоба 2025 жыл соңында бітпекші. 

Сонымен қатар Жайық-Көшім суландыру жүйесінің Шаған тармағы мен Көшім магистралды каналы механикаландырылған тазартудан өтіп жатыр. 

Жобаның мердігері — «TOLAGAI-2050» ЖШС. Шаған тармағының (48 км) және Көшім магистралды каналының (27 км) батиметриялық түсірілім жұмыстары толық аяқталды.

Көшім каналының тұрақты арнасын бетондау жұмыстары 2026 жылы толық аяқталмақшы, мұнда автоматтандырылған су есептеу құрылғысын орнатуға дайындық жасалды. 

Рауан Ерланұлы су ресурстарын ұтымды басқару қажеттігіне назар аударды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, яғни өтпелі кезеңде Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесі мен Жәнібек суландыру-суару жүйесінің кейбір суландыру каналдары мен лиманды суару жүйелері республикалықтан коммуналдық меншікке, яғни ауылдық округтің теңгеріміне берілді.

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Оның пайымдауынша, суару-суландыру жүйесінің жекелеген пайдаланушыларға осылайша ыдырауы мұны ұтымды пайдалануға кері әсерін тигізген. Жайық-Көшім және Жәнібек суландыру жүйелері тұтастығынан айырылып, су шаруашылығы кешенін бірыңғай басқару және орталықтандырылған бақылау мүмкін болмай қалды. 

Жайық-Көшім суару жүйесі бойынша ұзындығы 1 492,7 км канал болса, соның 796,2 шақырымы немесе 53,3 пайызы — республикалық, 696,5 шақырымы (46,7 пайызы) — коммуналдық меншікте.

Жүйеге жүктелген 82 974 га лиманды суару алқабының 26 239 гектары (31,6 пайызы) — республикалық, 56 735 гектары (68,4 пайызы) — коммуналдық меншікте қалып отыр.

Ал Жәнібек суландыру-суару жүйесі бойынша 320,85 км каналдың 191,68 шақырымы (59,7 пайызы) — республикалық, 129,17 шақырымы (40,3 пайызы) — коммуналдық меншікке тиесілі.

— Су шаруашылығы нысандарын ұтымды пайдалануды ұйымдастырып, сумен жабдықтаудың барлық технологиялық процесінің барысын бірыңғай оператордың басқаруы және тарифтік баға саясатын әділ жүргізіп, су тұтынушылардың мүдделерін қорғау маңызды екендігі түсінікті. Осы бағытта Су ресурстары және ирригация министрлігінің және Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің тапсырмасы негізінде суару-суландыру жүйелерін тиімді, бірыңғай пайдалану жүйесіне келтіру үшін Жайық-Көшім және Жәнібек суару-суландыру жүйелеріне жүктелген коммуналдық меншіктегі ауданы 56,7 мың гектарды құрайтын көлтабанды суару жүйесі және жалпы ұзындығы 826 шақырым болатын каналдарды республикалық меншікке беру жұмысы жүріп жатыр, — деді Р.Хұсайынов. 

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған 158 іс-шарасының 58-і — республикалық нысандарда жүргізілетін жұмыстар.

Күні бүгін 14 су шаруашылығы нысанында қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. 7 су қоймасы көпфакторлы тексеруден өтуде.

Жоспарда бекітілген іс-шараларды кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін жүзеге асыру көзделуде. Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің каскадты су қоймаларын, 7 магистралды каналдың қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Жәнібек суару-суландыру жүйесін қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Ал қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін Жайықбай суландыру каналы коммуналдық меншіктен республикалық теңгерімге берілді.

— Сонымен қатар облыс аумағында тасқын суды жинақтау, су қоймаларының көлемін арттыру үшін Қараөзен мен Сарыөзенде жалпы көлемі 38 млн текше метр болатын екі су қоймасын салу жоспарланған. Соның ішінде Казталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында Қараөзенде су қоймасын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы жүзеге асыруды бастау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне жолданды. Казталов ауданы Сексенбай ауылы тұсында су қоймасын салу бойынша техникалық- экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, — деді филиал басшысы.

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Ғалым не дейді?

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Гидротехника және мелиорация» ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Оңаев жоспарланған жобалардың қағаз жүзінде қалып қоймауы керектігіне назар аударды.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 40 үлкен су қоймасын салу көзделсе, соның екеуі Батыс Қазақстан облысында жүзеге аспақшы. Міне, осы уақтылы орындалуы үшін дер кезінде қаржы қаралып, жұмыстың сапалы атқарылғаны маңызды. Екіншіден, қолда бар су қоймаларын тиімді пайдалану қажет. Мысалы, су арналарын бетондаса, судың сіңіп кетіп, рәсуа болуына жол берілмейді. Жалпы, су қоймаларына мониторинг жасап, каналдарды тазартып отырған абзал. Көктемде тасқын кезінде суды ұстап қалу да бір ғанибет, — дейді ғалым.

Тағы бір мәселе, көлтабандарға су мерзімнен тыс немесе мөлшерден артық берілсе, ол жерлер көлшікке айналып кетеді. Сол сияқты су жеткілікті берілмесе де, көлтабандардан қажетті өнім алынбайды. 

а
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

Сонымен қатар жүйелі суарылатын жерлерде су үнемді жұмсалуы тиіс. Қазіргі таңда субсидияның көмегімен жаңбырлатқыш машина алып, тамшылатып суару арқылы мол өнім алып отырған шаруа қожалықтары бар. 

— Суару кезінде жердің тұздануы, басқа да сипаттамасын ескере отырып, жұмыстанған жөн. «Сулы жер — нулы жер» дегендей, су барған жерлердің экологиялық жағдайы да жақсарады. Түптеп келгенде, мұндай жұмыстың бәрі ғылыми негізде атқарылуы қажет, — деді М.Оңаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында жаңадан су қоймалары қашан салынатынын жазған едік. 

Жайық
Фото: Қазсушар БҚО филиалы

 

 

Соңғы жаңалықтар