Жайылым тапшылығы екі есеге азайды - АШМ

АСТАНА. KAZINFORM – 916,8 мың га жайылым резервке қойылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.

Павлодарда ауыл тұрғындарына 12 мың гектарға жуық жайылым қайтарып берілді
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

- Жергілікті атқарушы органдар ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр. Мәселен, 1 млн 124,6 мың гектар жайылым халықтың малын жаю үшін ортақ пайдалануға бекітілді. 723,1 мың гектар жайылымға жер пайдалану құқығы конкурстық негізде берілді. Елді мекендердің шекарасы іргелес жатқан 79,4 мың гектар жайылым жерімен кеңейтілді. 916,8 мың га жайылым резервке қойылды, - деді А. Сұлтанов Парламент Мәжілісінде «Жайылым туралы» Заңының іске асырылуын талқылау барысында.

Оның айтуынша, тиісті іс-шаралар мен мал басы бойынша есептік деректерді қайта қарау нәтижесінде, елдегі жайылым тапшылығы екі есеге, яғни 8,4 млн гектардан 4,3 млн гектарға дейін азайды.

- Сонымен қатар, осы күнге дейін мемлекет меншігіне қайтарылған 2 млн гектар жайылым халықтың ортақ пайдалануына бекітілді, - деді вице-министр.

Еске салсақ, жақында жайылымды тозудан қалай сақтауға болатыны жайында жазған едік.

Бұған дейін хабарланғандай, былтыр күзде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта елдегі мал санын қолдан көбейтіп жазған өңірлерді атады.

 

Соңғы жаңалықтар