«Жайлы мектеп»: Атырауда ұлттық жобамен салынған үшінші білім ордасы ашылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған үшінші білім ордасы қолданысқа берілді. Жаңа мектеп 1200 оқушыға арналған.

Жайлы мектеп
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, мұнайлы шаһар маңындағы Водников ауылында бой көтерген №50 орта мектепте екі ауысымда 2 400 бала білім алады.

Жайлы мектеп
Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Алдағы екі жылда үш ауысымды және апатты деп танылған мектептер мәселесін түбегейлі шешу үшін 30-ға жуық білім ордасының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Алдағы жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен тағы 6 мектеп пайдалануға беріледі. Ал Водников елді мекенінде тұратын отбасылардағы балалары бұл күнді көптен күтті. Жаңа мектепте оқушыларға білікті ұстаздар сабақ береді. Осы мектептен түлеп ұшқан әр шәкірт еліміздің ертеңі үшін адал қызмет етер ұланға айналатынына сенемін, -деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, енді ата-аналар баласын көрші елді мекендегі, не қаладағы мектептерге тасымалдау қиындығынан құтылды.

Жайлы мектеп
Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Ауылымызда жайлы мектептің ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұрын баламызды көршілес ауылдағы мектепке тасымалдайтын едік. Енді жаңа білім ордасында білім алады. Мектептің атына заты сай екенін көріп тұрмыз. Балаларымыз осы мектепте сапалы білім алып, болашақта үлкен жетістікке жететініне үміт артамын, -дейді ауыл тұрғыны Назгүл Қашауова.

Жайлы мектеп
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Жайлы мектептегі бейнебақылау камералары Атырау қаласындағы жедел басқару орталығына қосылған. Білім ордасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кедергісіз орта қарастырылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар салынған. Білім ордасында түрлі санаттағы 100 мұғалім сабақ береді.

Мектеп аумағында арнайы жабдықталған жүгіру жолағы, баскетбол, волейбол ойыны және workout алаңдары мен теннис корты бар. Ал мектеп ғимаратында спорт зал, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған асхана, акт зал және кітапхана орналасқан. Сондай-ақ жаңа үлгідегі сынып, STEM, психолог, логопед, медицина кабинеттері, физика, химия пәндері үшін зертханалармен қамтылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда «Жайлы мектеп» жобасымен алғашқы екі білім ордасы ашылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар