«Жайлы мектеп»: биыл 1 қыркүйекте қанша мектеп пайдалануға беріледі

«Жайлы мектеп»: биыл 1 қыркүйекте қанша мектеп пайдалануға беріледі
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде еліміз бойынша 208 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 98 мектеп биыл жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Бұл туралы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаждаров мәлім етті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Мақсат – апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жою. Жоба аясында елімізде 369 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз 740 мың оқушыға арналған орын. Алдағы үш жылға 2,3 трлн теңге бөлінген, қазір 208 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың құрылысы өткен жылы басталды, биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс», - деді Ғабит Малғаждаров «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоғамдық кеңесі барысында.

Оның айтуынша, биыл 1 қыркүйекте ел бойынша 98 жайлы мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Қалған 110 мектеп осы жылдың аяғына дейін қолданысқа беріледі.

«Биыл пайдалануға берілуі тиіс мектептердің жобалық құжаттамалары әзірленіп, мердігер компаниялар белгіленді. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы мамырға дейін барлық сараптаманың нәтижесі белгілі болады», - дейді спикер.

Соңғы жаңалықтар