Жайлы мектеп пен ұстазға құрмет: Білім саласында қандай өзгерістер бар
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы президент сайлауы қарсаңында «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» бағдарламасын ұсынған болатын. Онда Мемлекет басшысы республиканың жаңа тарихи кезеңдегі дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Атап айтқанда, құжатта экономика, әлеуметтік сала, өңірлік саясат, білім беру және басқа да салалардағы түбегейлі өзгерістердің жоспары көрсетілген. Соның ішінде Үкіметке және өңір басшыларына білім беру ұйымдарын тиісті қауіпсіздік құралдарымен жабдықтауды және білім беру сапасын жақсарту шараларын тапсырған. Бұл бағытта қандай нәтижелер бар? Бұл туралы Kazinform сарапшысының шолуынан оқыңыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетіне кіріскен күннен бастап білім және ғылым саласын дамытуды басты назарға алды. Себебі, ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те қостады.
Мен бұны осы саланы басқарған адам ретінде толығымен айта аламын.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында білім мен ғылым мәселелерін шешу бойынша кешенді, әрі нақты шаралар қамтылды.Соңғы бір жылдың ішінде бұл бағдарлама сапалы және нәтижелі орындалып, миллиондаған баланың тағдырына оң әсерін тигізіп жатыр... Көптен бері ата-аналар көтерген – 1-4 сынып оқушыларына тегін тамақ беру мәселесі оң шешімін тапты. Бюджеттен 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл бір жағынан өскелең ұрпақтың денсаулығына оң әсері болса, екінші жағынан жақсы әлеуметтік қолдау, – деді Асхат Аймағамбетов.
Президент білім беру ұйымдарын тиісті қауіпсіздік құралдарымен жабдықтау үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруды тапсырды. Үкімет қаулысына сәйкес, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ұлттық жобаны іске асыру аясында орта білім беру ұйымдары объектілерінің нысаналы құрылысы жөніндегі дирекция ретінде айқындалды. Осы ұйымның мәліметіне сүйенсек, Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы апатты мектептерді, үш ауысымдық оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған.
Мақсатқа жету үшін екі негізгі міндетті орындау көзделіп отыр:
- Қалалар мен ауылдық елді мекендерде оқушы орындарының қазіргі және болжамды тапшылығын жою үшін 2026 жылға дейін кемінде 740 мың (екі ауысымды оқыту кезінде) жаңа оқушы орнын пайдалануға беру;
- Ұлттық жоба шеңберінде қолданысқа тапсырылатын мектептерде жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру.
Ұлттық жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте 2,4 трлн теңге қарастырылған. 2023 жылы 461 мың орындық 217 мектеп құрылысын бастап, оларды келер жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал 2024 жылы 279 мың орындық 152 мектеп құрылысын бастап, оларды 2025 жылы ашу жоспарланып отыр.
Мектептердегі орын тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жобасы басталды... 800 мыңға жуық оқушыға арналған мектептер қолданысқа беріледі. Тағы бір ерекшелігі бұл мектептер бұрын салынған мектептердей емес, Назарбаев зияткерлік мектептері, Бином мектептері сияқты материалдық базасы мен мүмкіндіктері жоғары мектептер енді ауылдар мен қалаларда бой көтереді, – деп пікір білдірді Асхат Аймағамбетов.
Мәжілісменнің айтуынша, балаларға тегін үйірмелерді ұсыну үшін 100 шығармашылық орталық, оқушылар сарайын ашу жұмысы басталып кетті. Бұған қоса 50 сауықтыру орталығын салу жоспарланып отыр.
Ерекше балаларды қолдау да ерекше назарда. Психологиялық-медициналық педагогикалық кеңестер саны 100-ге жетіп, оңалту кабинеттерінің саны 210-ға жетті.
Сондай-ақ, биыл 1 қыркүйектен бастап республикадағы барлық 1-4 сынып оқушылары үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылып, 1,4 млн бала қамтылды. Жергілікті бюджеттен 25 млрд теңге бөлінді.

Бұған қоса, қыркүйекте ай сайынғы мемлекеттік шәкіртақы көлемі: бакалавриат студенттеріне 20%, магистратура мен докторантурада оқитындарға 15%, техникалық және кәсіптік білім беретін колледж студенттеріне 50% артты. Жалпы, 2025 жылға қарай студенттер шәкіртақысының мөлшері 2020 жылғы деңгейден кезең-кезеңмен 2 есе өседі.
Колледждерде тегін мамандық беру үшін гранттардың саны 97 мыңнан 133 мыңға дейін артты. Сәйкесінше университтерде оқу үшін грантардың саны жыл сайын 5 мыңға ұлғайып отыр. Стипендия мөлшері де артып келеді. Мысалы осы қырқыйектен бастап колледж студенттерінің стипендиясы 50% өссе, университет студенттерінің стипендиясы 20%, магистранттардың стипендиясы 15% өсті. Докторанттардың стипендиясы 2019 жылы 82 мың болса, қазір 217.5 мың теңге, – деп баяндады депутат.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларында орын тапшылығы бір жыл ішінде 3 есеге жуық, 2022 жылғы 62,8 мың төсек-орыннан биылғы қазан айында 23,9 мыңға дейін қысқарды.
2023 жылы 10,9 мың орындық 44 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 25 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 19 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған.
Білім саласында маңызды жаңалықтардың бірі – мектеп мұғалімдерінің жалақысы Президент айтқандай 2 есеге артты. Университет оқытушыларының жалақысы да кезең-кезеңмен көтеріліп келеді. Келесі жылдың бюджетінде ол үшін 26 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Асхат Аймағамбетов 2019 жылдан бастап жыл сайын ғылымға бөлінген қаражат еселеп өсіп жатқанын атап өтті.
Сәйкесінше ғалымдардың жалақысы да 2 есе артты, тұрақты жалақы төлеу үшін заңға арнайы түзетулер енгіздік. Депутаттардың бастамасымен жаңа «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы дайындалып, ғылымды дамытудың тың тәсілдері енгізіледі. Университтердің базасында Академиялық ұтқырлық орталықтарын ашу үшін келесі жылдың бюджетінде қаражат қарастырылды, – деді мәжілісмен.
Ол «тағы бір керемет бастама» деп 97 мыңнан астам баланың тамақтануы бюджет есебінен төленетінін атап өтті.
Біз талдау жасағанда 100 мыңнан астам баланың балабақшаға бармақ түгілі, кезекке де тұрмағанын көрдік. Неге? Өйткені балабақша тегін болғанымен, онда тамақ ішу үшін айына орта есеппен алғанда 15 мың теңгені ата-ана төлеуі керек. Бұл көптеген отбасының бюджетіне салмақ түсіргендіктен, олар балаларын тіпті кезекке де қоймай, балабақшаға да бермей, бірден мектепке жіберетін. Енді, міне, Президенттің шешіміне сәйкес 97 мыңнан астам баланың тамақтануы бюджет есебінен төленетін болды. Теңгерімді тамақтанудың арқасында балалардың денсаулығы жақсарып, тәрбиесі қолға алынды, – деп атап өтті мәжілісмен.
Сондай-ақ, биылғы қырқүйектен бастап 97 мың балабақша тәрбиешісінің жалақысы 30% өсті. Жалпы 2020 жылдан бері жалақы 2 есе артып отыр. Әлі де көтеріледі.