Жайлы мектеп: Атырау облысындағы Сағыз ауылында жаңа білім ордасы салынады

Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінше, тұрғыны көп елдің мекеннің қатарында Сағыз ауылдық округі бар. Қазір округте 8300 тұрғын тіркелген. Округте тұрғындар саны жыл сайын өсіп отыр. Ауылдағы үш орта мектепте оқушылар көбейіп, орынның жетіспеушілігі байқалған.
Сондай-ақ, мұнда Қызылқоға аграрлық-техникалық колледжі, 2 балабақша мен 1 дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі жұмыс істейді.
«Ауыл тұрғындары мектептердегі орын жетіспеушілігін облыс, аудан әкімдерімен кездесуде жиі көтереді. Жақында облыс әкімі Серік Шәпкенов Сағыз округінің тұрғындарымен кездесуде жаңа мектептің салынатынын мәлім етті. Соған орай ауылда 600 орындық жаңа мектепті салу 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Аталған мектептің құрылысы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры арқылы салынады», -деп хабарлады аудандық құрылыс, сәулет, және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметов.
Оның айтуынша, қазір жаңа мектептің құрылысын жүргізу үшін Сағыз ауылынан жер телімі бөлінген. Құрылыс нысанының бастапқы құжаттары әзірленген. Ал, жобалау жұмыстарын жыл соңына дейін дайындау көзделіп отыр.
Еске сала кетелік, бұған дейін жастары жиі төбелесетін Сағыз ауылында 50 бейнекамера орнатылатынын жазған едік.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, биыл Сағыз ауылында қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 50 бейнебақылау камерасы орнатылады. Полиция бөлімшесінің жаңа ғимаратын салу жоспарланған.