«Жайлы мектеп» жобасы: 100 000 мұғалім даярланады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Педагогикалық білімнің тұжырымдамасын қайта нақтылау жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайлы мектеп» жобасы: 100 000 мұғалім даярланады

«Жоғары білім саласындағы маңызды бағыттардың бірі – педагог мамандарды даярлаудың сапасын арттыру. Осы ретте педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеуден өткізу стандарты әзірленіп жатыр. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы аясында 100 000 мұғалімді даярлау жоспарланып отыр», - деді С. Нұрбек.

Сонымен қатар ол педагогикалық білімнің тұжырымдамасын қайта нақтылау, университет оқытушыларын «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өткізу мен цифрлық және жаңа технологияларды кеңінен қолдану міндеттері тұрғанын айтты.

Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді.