Жайлы мектеп жобасы аясында Қостанай облысында 8 нысан салынады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Қостанай облысында 7 200 оқушыға арналған 8 мектеп салынады. Бұл туралы өңір әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жайлы мектеп жобасы аясында Қостанай облысында 8 нысан салынады

«Облыста сапалы білім беру ортасын құру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Жаңа заманауи мектептер салынады. Мысалы, келесі жылы облыс орталығының 2 шағын ауданында оқушыларға жаңа мектептер ашылады.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін Қостанай, Рудный, Арқалық, Тобыл қалаларында, Заречный және Құсмұрын кентінде 7 200 орындық тағы 8 жаңа мектеп салу жоспарланған», - деп жазды облыс әкімі Іnstagram-дағы парақшасында.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазіргі таңда Қостанай облысында 2 436 оқушы орны тапшы. Ал, жалпы білім ошақтарындағы орын жетіспеушілігі бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы облыстары көш бастап тұр.