Жайлылық пен жылдамдық мемлекеттік қызметтің басты принципіне айналуы тиіс – Тимур Сүлейменов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов мемлекеттік қызмет пен қызметшілердің басты міндетін нақтылап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамын жақсарту және кәсібилендіру жұмысы өте маңызды. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге қатысты бірқатар нақты міндет қойды. Ол дегеніміз кадрларды байқау негізінде іріктеу, меритократия қағидаттарын қатаң сақтау, сол сияқты мемлекеттік қызметтен босату процесін жеңілдету және тағы басқа. Халықтың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімі арта түсуі үшін жұмысқа қабылдауда іріктеу кезеңі ашық әрі әділ өтуі тиіс», - деді Тимур Сүлейменов ҚР қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметші үнемі ізденіс үстінде болуы керек және мәселені шешуде шұғыл шешім қабылдауға дайын болғаны абзал.

«Мемлекеттік қызмет саласындағы тағы бір маңызды жайт жұмысты автоматтандыру, цифрландыру. Қағазбастылықтың заманы кетті, тиімді жұмыс істеу нұсқасына көшу керек. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік қызмет саласын қайта жаңғырту керектігін баса айтты. Жаңғыруды агенттік өзінен бастаған жөн. Мемлекеттік қызметшілердің сүйемелдеуде көшбасшы ол - агенттік. Мемлекеттік қызметші халықтың мүддесіне сай келуі тиіс. Мемлекеттік органдарға жүгінген кезде халық пен бизнес қамқорлықты сезінуі тиіс. Жайлылық пен жылдамдық мемлекеттік қызметтің басты принципіне айналуы тиіс», - дейді ол.

Сондай-ақ, әкімшілік басшысының орынбасары президенттік жастар кадр резервіне жіті мән беру керектігін алға тартты.

«Бұл бағыттағы жұмыстың жүріп жатқанынан хабарым бар. Жұмысты одан әрі жалғастыра отырып талантты жастардың ел игілігіне қызмет етуіне мүмкіндік жасауымыз қажет. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан тұрақты қолдау болады», - деді Т. Сүлейменов.


Соңғы жаңалықтар