Жайық өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу тағы он күнге жалғасады (ФОТО)

Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш көпірдің асфальт жамылғысын жөндеу жұмыстары 16 шілдеде басталып, алғашқыда екі аптада аяқталады деп жоспарланған болатын. Сырым Датұлы көшесімен жалғасып жатқан бұл жолдың жалпы ұзындығы - 7,8 шақырым. Жоба құны - 580 млн теңге.
Осы жобаның бас мердігері «Алматыинжстрой» АҚ-ның Орал филиалының бас инженері Идият Ілиясовтың атап өткеніндей, кез келген нысанды күрделі жөндеу кезінде бұрын беймәлім болған жаңа ақаулардың анықталуы жиі кездеседі. Көпірдің ескі асфальт жамылғысын ашу кезінде де бұрын ескерілмеген кемшіліктер табылды. Әу баста 9 деформациялық жамаудың бесеуін ғана жөндеу көзделсе, енді тозығы жетуіне байланысты бәрін де жөндеу қажеттілігі туындаған. Асфальт астындағы тіреуіштердің әртүрлі биіктікте болуы да жобаға өзгерістер енгізуді керек етеді. Сонымен қатар көпірден жағалауға иек артар тұстағы бетон плитаның әупірімдеп аман тұрғаны да құрылыс жұмыстары кезінде байқалыпты. Енді құрылысшылар 1,5 метрлік ескі плитаны ұзындығы 6 метрлік жаңа плитамен алмастырмақ. Осындай ақаулар анықталуына байланысты қазір жобалау ұйымдары, авторлық және техникалық қадағалау мекемелері, тапсырыс беруші саналатын «ҚПО б.в.» компаниясының өкілдері мен Орал қаласының басшылығы күн сайын бірнеше мәрте кеңесіп, тиісті техникалық шешімдер қабылдау арқылы жобаға қажетті өзгерістер енгізуде.
Барынша қысқа мерзімде жолды жөндеп, көлік қозғалысын ашу басты мақсат болғандықтан, қазір құрылыс қызу қарқын алды. Екі ауысымда жұмыс атқаратын құрылысшылар таңғы 5-ке дейін дамылсыз еңбек етуде. Өз кезегінде мердігер мекеме бетонның қату беріктігін 7 күн ішінде 100 пайызға жеткізетін қоспаның жақын арада жеткізілетінін айтады.