Жайық өзенін сақтап қалу Қазақстан мен Ресей үшін бірдей өзекті - Е.Тарасенко
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Елена Тарасенко мәлім етті.
- Осылайша Қазақстанда бірінші рет жеке бір өзенді сақтау жөнінде құжат дүниеге келмек. Бұл - істің беташары ғана. Бұдан кейін Жайық өзенін сақтап қалу үшін арнайы қор құру туралы мемлекетаралық келісімшартқа қол қойылуы керек. Сонда ғана іс алға басады. Рас, осыған дейін Жайықтың қазіргі хал-ахуалына тиісті орындардың назарын аудару үшін көптеген жұмыстар атқарылды. Ондаған жыл бойы Жайық өзені бойымен қайықпен жүзу жорығы ұйымдастырылып, оның тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізілді. Осы уақытта Жайықтың суы кеміп, лайланып, бекіре тұқымдас балықтардың мүлдем жоғалып, өзен бойындағы орман-тоғайдың селдіреп, аң-құстың азайып кеткеніне көз жетті.
Биыл Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары әкімдіктері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің қолдауымен және Ресей Ғылым академиясы Дала институтының ғылыми ықпалымен өткізілген қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени, экологиялық ХІІІ экспедицияға қатысушылар Қазақстан мен Ресей Федерациясы басшыларына арнайы үндеу қабылдады. Осы экспедицияға Орынбор өңірінде туып-өскен Ресей Президентінің кеңесшісі, белгілі мемлекет қайраткері Виктор Черномырдин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Мәжіліс депутаты Николай Турецкийдің қатысуы бұл іске серпін берді. Қазір Виктор Черномырдин Ресей Президентіне арнайы хат әзірлеп жатса, Жайық бойына алғаш аяқ басқан Николай Турецкий де осы мәселеге қолдау көрсетіп отыр. Орынбор қаласында Батыс Қазақстан мен Орынбор жастары бас қосып, олар да үндеу қабылдады. Шынында да Жайықтың мұңы тек Батыс Қазақстан, Атырау облыстары үшін ғана емес, Орынбор үшін де ортақ. Бұл жердегі Жайық тіпті жіңішкеріп, суы әбден азайып, балшыққа айналып кеткен. Сондықтан Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Жайық өзенінің арнасын тазарту, су толтыру жұмыстарын ресейліктермен бірігіп қолға алу жөніндегі ұсынысы өте орынды. Әйтпесе іс бітпейді немесе жартылай атқарылады. Ең алдымен Жайық өзенінің жоғары жағына су қоймаларын салуға тыйым салу қажет.
Жоғарыда айтылған өңіраралық форумда бұл мәселеге жете назар аударылса, дұрыс болар еді. Биылғы форумға бұрынғыдай Қазақстан мен Ресейдің тек шекаралас облыстары ғана емес, сонымен қатар басқа өңірлері де қатысады. Сондықтан ол құрамы жағынан әлдеқайда ауқымды болмақ. Форум барысында Жайық өзенінің қазіргі жай-күйі туралы арнайы көрме көрсетілмек. Сондай-ақ арнайы кітапша да дайындалып, екі ел басшыларына тапсырылмақшы.
- Елена Ивановна, Мәжіліс депутаты ретінде сізді басқа қандай мәселелер толғандырады, олардың шешілуі үшін не істелуі қажет деп ойлайсыз?
- Әрине, Батыс Қазақстан облысынан сайланғаннан кейін басқа да әріптестеріммен бірлесіп осы өңір үшін аса маңызды мәселелердің дер кезінде шешілуіне күш саламыз. Мәселен, таяуда Орал қаласына қарасты Желаев кентінде 360 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Міне, біз осы нысанға қаржы республикалық бюджеттен уақытында бөлінуі үшін үлес қостық. Сол секілді осы қыркүйек айында Оралдағы «Зенит» зауытында жасап шығарылған жаңа кеме суға түсіріледі. Аталмыш зауытта жұмыстың тоқтап қалмауына Мәжіліс депутаттары да ықпал етті. Бұл, түптеп келгенде, отандық кәсіпорынды қолдау, ондағы жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз ету деген сөз. Таяуда облыс басшысымен кездесуімде облыстық ішкі істер департаментіне қарасты балаларды уақытша бейімдеу орталығы ғимаратының қазіргі жай-күйі сөз болды. Сірә, бұл орынды жаңадан салу қажет болатын шығар. Міне, осындай мәселелерді бірлесіп шешудің маңызы зор.
Жалпы, елге келген сайын сайлаушыларыммен жиі жүздесіп, олардың талап-тілектерін үнемі ескеріп отыруға тырысамын. Бұлардың бірсыпырасын жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе отырып, шешуге күш салсам, ал өзіміздің қолымыздан келмейтін, яғни мемлекеттік деңгейде қаралу арқылы ғана шешімін табатын үлкен-үлкен мәселелерді Үкімет назарына ұсынуды міндетіме аламын.
«Нұротандық» депутаттардың жергілікті жерде тұрғындарды қабылдап, олардың мұң-мұқтажына құлақ асуы өз жемісін беріп келеді. Биылғы қоғамдық қабылдау арқылы шешімін тапқан мәселелер қатарына мүгедектердің «Арба» атты қоғамдық бірлестігінің көлік жөніндегі мәселесін айтуға болады. «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалының көмегімен ұйымдастырылған қоғамдық қабылдау кезінде мүгедектер баспалдақтары тым биік автобустарға мініп-түсудің қиындығы жөнінде айтты. Бұл - сау адамға уақ-түйек нәрсе болып көрінгенімен, мүгедектер үшін басты мәселелердің бірі. Олардың жағдайын сәл де болса жеңілдету мақсатында мұң-мұқтажын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке жеткіздім. Мүгедектер жайын мұқият тыңдаған әкім көлік мәселесінің жуық арада шешілетінін айтты. Жақында мүгедектер қауымы үшін арман болған аласа баспалдақты автобустар сатып алу үшін облыс бюджетінен 18 миллион теңге бөлінгені жөнінде жақсы хабар естідім. Ел азаматтарының бірігіп қимылдауының нәтижесінде мүгедектерді қинаған бұл мәселе де дер кезінде шешілді.
«Арба» мүгедектер қоғамы білім алу мен дәрігерлік қызмет көрсету саласы бойынша жаңа ұсыныстар жасап, жоғарғы жаққа жеткізу жұмысын маған аманаттады. Қоғамдық қабылдау кезінде мүгедектер өздеріне арналып салынуға тиісті мүгедектерді сауықтыру орталығы жөнінде көп сұрады. Бұл орталықтың жобасы дайын тұрғанымен, дағдарысқа байланысты құрылысы әзірге басталмай тұр. Бұрыннан жүріп жатқан құрылыс нысандары аяқталысымен, Елбасының тапсырмасы бойынша осындай әлеуметтік бағыттағы нысандар құрылысы алғашқы кезекте қолға алынуы тиіс.
Бүгінде жұрттың бәрі сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу. Өздері қалап, сайлаған депутаттарының арқасында біраз шаруаның шешімін табуға болатынын олар біледі. Қай жерде жүрсем де, қиындыққа ұшыраған жандар менімен байланысып, өздерін мазалаған мәселелері жөнінде кеңесіп жатады. Біреулер үйлеріне телефон өткізу, сәбилерін балабақшаға орналастыру, баспана сұрау секілді тұрмыстық мәселелермен келсе, екінші бір топ зейнетақы, жәрдемақы мәселесі секілді ірі шаруаны шешу жөнінде көмек сұрайды. Қандай ма болмасын аманаттың жүгі ауыр. Біз, халық қалаулылары, осыны үнемі жадымызда ұстап, қолымыздан келгенше қолұшын беруге тырысамыз. Ең бастысы, ел тілегін ескере отырып, оның шешілуіне атсалысу депутаттың абыройлы борышы екенін еш уақытта да ұмытпаймыз.