Жайық өзенінде су деңгейі көтерілді
«Жайық өзені су аздығынан өткен және алдыңғы жылдары қиын кезеңді бастан өткерді. Бүгінгі таңда оның жай-күйі қанағаттанарлық», - деп жауап берді Досбол Бекмағамбетов Орталық коммуникацмиялар қызметінде тілшілердің сұрағына.
Сонымен бірге, комитет өкілі Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізіміне қосу туралы сұраққа жауап берді.
«Қазіргі уақытта бұл тізімге бес су нысаны енгізілген – Каспий теңізі, Есіл өзені, Балқаш көлі, Зайсан және Алакөл көлдері жүйесі. Жайық өзенін осы тізімге енгізу үшін ғылыми негіздеме қажет. Қазіргі уақытта біз бұл мәселені 2021-2024 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық өзені бассейнін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасы арқылы пысықтап жатырмыз. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша тізімге толықтыру енгізіледі», - деп түсіндірді Досбол Бекмағамбетов.
Одан бөлек, биыл Жайық өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым жақсарған.
«Батыс Қазақстан облысында өзендерде су деңгейінің көтерілгені байқалады. Биыл су тасқыны қаупі кезеңінде Январцево гидробекеті бойынша өзен ағыны өткен жылмен салыстырғанда 540 млн текше метрге артық болды. Қазір оның ағымы – секундына шамамен 108,1 куб, бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп. Ағынның орташа көпжылдық деңгейі секундына 165 текше метр болды», - дейді Досбол Бекмағамбетов.
Бұған дейін Досбол Бекмағамбетов Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екенін айтқан еді.
Елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан ең аз қамтылған. Оңтүстік және Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отыр.
Фото: dhi-gras.com