Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуі ықтимал - БҚО әкімі

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзіне қарағанда, мұның себебі - Орынбор облысында қар көп. Сонымен қатар Ирикла су қоймасында су қоры мол.
«Су тасқынына дайындық мәселесі барлық деңгейдегі әкімдердің, басқармалар мен департаменттер басшыларының тұрақты бақылауын қажет етеді. Қазіргі таңда ұйымдастыру, материалдық және техникалық ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері шешілді. Облыстағы хабарландыру жүйесі дайын деуге болады. Барлық қолда бар күштер мен құралдар әзір. Су тасқынына дайындық жұмыстары тек мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, бұл шараларға облыстың әрбір тұрғыны, соның ішінде жеке сектор мен саяжайдың тұрғындары да қатысулары қажет. Қазірден бастап аулалардағы қарды шығарып, үйлердің маңындағы арықтар тазартылуы тиіс», деген әкім су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шараларды толық орындауды тапсырды.