«Жайық Пресс» ЖШС-да Ғ.Қараш атындағы «Тілші болғың келсе...» байқауына белсене қатысқандар марапатталды

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің атап өткеніндей, Қазақстанның батыс өңіріндегі баспасөз ісінің бастауында тұрған ойшыл ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың өмірі мен шығармашылығын кеңінен зерттеу, оның мұрасын республика көлемінде насихаттау мақсатында қолға алынған байқауға жиырмаға жуық үміткер қатысып, бақ сынады. Соның ішінде өзге облыстардан да ат қосқандар бар.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаз атанған БҚО дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмоншақ Жұмаеваға 100 мың теңге сыйлыққа қоса 100 жылға жуық тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетінен тілшілік қызмет ұсынылды. Сол сияқты ынталандыру сыйлықтарына ие болған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері Таңшолпан Қаршығақызы мен Жанайдар Болатбекұлы, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясының төртінші курс студенті Айдана Хамидуллина, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті Алпамыс Файзолла редакциямен тығыз байланыс жасап тұратын болады.
Алдағы жылы «Тілші болғың келсе...» байқауының аясын бұдан да кеңейту бағытында Қазақстан өңірлеріндегі медиахолдинг, облыстық газет редакцияларымен келіссөздер жүргізілуде.