14:51, 12 Қараша 2013 | GMT +5
«Жайық Пресс» ЖШС-да облыстық газеттердің 95 жылдығына орай ардагерлерге құрмет көрсетілді
ОРАЛ. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін «Жайық Пресс» ЖШС-да Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай осы қос басылымда қызмет еткен ардагерлер бас қосты.

Алдымен ардагерлер мерейтойға байланысты жасақталған мұражай экспонаттарымен танысты. Содан кейін дөңгелек үстел басында мәслихат құрды. «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, соңғы жылдары өңірдегі басылымдардың тарихын зерделеу қолға алынды. Соның нәтижесінде өткен жылы 1911-1913 жылдары Орда мен Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетіне арналған кітап жарық көрсе, биыл «Жайық журналистері», «Қос газеттің тарихы» атты жинақтар басылып шықты. Бұған Қазбек Қабжанов, Есенжол Қыстаубаев сынды журналистер көп еңбек сіңірді. Кейінгі кезде Хан ордасында облыстық газеттердің бастауы болып саналатын «Известия» - «Хабардан» бұрын «Ұран» газетінің шыққаны белгілі болып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасатын болады. Жиында соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев, ақын Жанғали Набиуллин, сондай-ақ Мәжит Қайырғалиев, Владислав Ярлов және басқа байырғы журналистер естеліктерімен бөлісіп, аға ұрпақтың атынан жасалып отырған құрметке ризашылықтарын білдірді. Ардагерлерге ақшалай сыйлық пен кітаптар тарту етілді.