«Жайық» волейбол клубы Ұлттық лигадағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматыда қаласындағы «Достық» спорт кешенінде волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ Қазақстан чемпионаты бірінші турының ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың екінші күні алғашқы болып Оралдың «Жайығы» мен «Есіл-СК» (Петропавл) клубы алаңға шықты.

«Жайық» клубы араға жылдар салып, Ұлттық лигаға биыл қайта оралды. Кезінде ҚР чемпионы атанған Оралдың «Конденсат» командасы 2015 жылы демеушісіз қалып, тарап кеткен еді.

«Жайықты» жаңа маусымда белгілі ойыншы Александр Стольников жаттықтырса, команда Қайрат Байбеков, Петр Чурзин, Евгений Гоф, Қайрат Қаленов, Айдын Әділбеков секілді негізінен Орал волейболының түлектеріне үміт артып отыр.

Кеше «Тараз» командасымен ойнаған оралдықтар тартысты кездесуде 1:3 (31:33, 27:25, 23:25, 15:25) есебімен есе жіберген еді.

Бүгінгі матчта «Жайық» ширақ ойын өрнегін көрсетіп, қарсыластарына дес бермей, 3:0 (25:17, 25:19, 25:18) есебімен жеңіске жетті.

Бірінші тур 10 қарашада мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда ерлер арасында волейболдан ел чемпионаты басталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ел чемпионы «Атырау» суперкубок иегері атанды.


Фото: phonoteka.org





Соңғы жаңалықтар