Жайық жүйрігі–2022 атты БҚО ашық чемпионаты мәресіне жетті

Аталмыш бәйгені Бөрлі ауданы және БҚО «Бәйге» федерациясы қоғамдық бірлестігі осымен екінші рет ұйымдастырды.
Бәйгеге Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан 70-ке жуық шабандоз қатысып, бақ сынады. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, жиналған жұршылық сәйгүліктер сайысын тамашалады.
Бәйге қорытындысында 31 шақырымдық аламан бәйгеде Ақтау қаласынан келген Келдібай Ибраевтың арғымағы (шабандозы Мейіржан Бисенбі) алдына жан салмай, бас жүлдені (3 млн теңге) жеңіп алды.
Топ бәйгеде (21 шақырым) қарағандылық Ербол Жәкештің сәйгүлігі (шабандозы Мейір Нұрболатов) топ жарды (2 млн теңге).
Құнан бәйгеде (12 шақырым) Атырау облысы Жылыой ауданынан келген Алдоңғар Мырзағалиевтің аты (шабандозы Әлихан Байназар) мәре сызығын бірінші болып қиды (1,5 млн теңге).
Алты шақырымдық қолтума тай жарысынан БҚО-ның Жаңақала ауданынан келген Иман Қыдыровтың тайы (шабандозы Айсұлтан Миразат) озып, 1,2 млн теңгеге ие болды.
Алты шақырымдық Ақжайық типті құнан жарысынан жаңақалалық Махамбет Есқалиевтің құнаны (шабандозы Ақат Қабылбай), 3 шақырымда Сырым ауданы Қособа ауылынан Еділ Үсеновтің тайы (шабандозы Нұржігіт Жасұланұлы) бірінші келіп, 1 бас құнан мен жабағыдан еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медальдармен, кубоктармен, ақшалай және бағалай сыйлықтармен марапатталды.
Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың айтуынша, чемпионатты өткізудегі мақсат – Қазақстан Президенті Жолдауында айтылған салауатты өмір салтын орнықтыру және бұқаралық спортты дамыту бағытындағы міндеттерді орындау.
«Соның ішінде өңірде ұлттық ат спорты түрлерін дамыту мен насихаттауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бәйгенің жүлде қоры 18 млн теңгені құрады. Болашақта Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты елдердің шабандоздарын шақырып, бәйгені халықаралық деңгейде ұйымдастыру көзделуде», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Сарқұлов.