12:49, 11 Қараша 2013 | GMT +5
«Жайықжылуқуат» АҚ алдағы жылы 189 жылу есептегіш құралын орнатуды көздеп отыр
ОРАЛ. 11 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Батыс Қазақстан облысына қатысты жылу есептегіш құралдарын орнату көрсеткішінің төмен деңгейде екендігін сынға алған болатын. Осыған орай өңірде не істелуде?

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, күні бүгін Оралда көппәтерлі үйлерде 223 жылу есептегіш құралы орнатылған, бұл - қажетті санның (894 үй) 25 пайызы. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін 113 үйде 123 есептегіш орнатылса, соның 20-сы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өз қаржысы есебінен сатып алынып, қойылған еді. Өкінішке қарай, тұрғындар осы құралдардың шығынымен әлі есептескен жоқ. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның газ бағасын әлсін-әлсін көтеруі де кері әсерін тигізеді. Соған қарамастан, мекеменің техникалық директоры Захат Қуанышқалиевтің айтуынша, биыл «Жайықжылуқуаттың» инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, бұл 100 есептегіш құралын орнатуға мүмкіндік берді. Алдағы жылы инвестициялық бағдарлама аясында тағы 189 есептегіш құралын орнату жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 109,8 млн. теңге қарастырылды. Сонымен бірге 2014 жылы барлық үйге есептегіш құралын орнату үшін инвестор қаржысын тарту ойластырылуда. Жалпыүйлік жылу есептегіш құралын орнату құны көппәтерлі үйлердің жобасына қарай 470000 - 700000 теңге шамасында шығады. Әр үйге жеке-жеке есептеледі. «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан тұтынушылар мен ПИК арасында түсінік жұмыстары жүргізілуде.