15:21, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Жайылмада жарқын істер жалғасып жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қаратау беткейінде жағалай қонған Жайылма ауылындағы жұрт соңғы жылдары көптеген көзайым істердің куәсі болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жаңақорған ауданының орталығынан 20 шақырымдай қашықтықта жатқан елді мекен тұрғындары сол игілікті істерге тәубе етеді. Түйінді түйткілдер тарқатылды. Көптеген мәселелер шешімін тапты. Бұл елдің ертеңге деген сенімін нығайтты.Қайсыбір жылдар жайлау төсіндегі мыңғырған малдан көз жазып қалған жайылмалықтар беріде егін егуге көңіл бөле бастады. Жылдан жылға диқандықтан нәсіп терген жұрттың қарасы көбейді. Қазір ауылдағы шаруа қожалықтарының басым бөлігі жердің тоңы жіпсіген көктем мезгілі мен сары ала күзге дейін дала қосында сан алуан дақылдардың бабын жасайды. Облыста Жайылманың қарбызы жоғары бағаланады. Аяқсу мәселесінде біршама түйткілдер кездескен-ді. Көп жыл бойы қараусыз қалған ?Жиделі? су қоймасын жөндеу жерден несібе терген жұрттың басты өтініші болды. Өйткені, су қоймасына келетін су мөлшері кеміп, көпшілік аяқсудан біршама тапшылық көрді. Өткен жылы бұл бағытта тиісті жұмыстар жүзеге асыпты. Облыстық бюджеттен бөлінген 4,3 млн. теңгеге су тоғаны жөндеуден өткізілді. Облыстың экологиялық шараларға арналған жобасы бойынша елді мекендерді аяқсумен қамтамасыз ету мақсатымен облыстық бюджеттің 6,5 млн. теңгесі Жайылма ауылына жұмсалады. Ол есік алдын көгертуге ықыласты және көкөніс-бақша дақылдарын егетін көпшілікке үлкен көмек болғалы тұр. Жергілікті диқандар жыл сайын 400 гектардан астам алқапқа түрлі дақылдарды орналастырып жүр. Өткен жылы бақшаның әр гектарынан орташа 262 центнерден өнім жиналды. Шаруашылықтарда 120-ға жуық адам еңбек етеді. Ауылда жұмыссыздықпен күрес бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Экономикалық тұрғыдан белсенді тұрғындардың саны 700-ге жуықтайды. Оның басым бөлігі еңбекпен қамтылған. Олардың 81-і бюджеттік мекемеде, 123-і шаруашылықтарда еңбек етсе, 93-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында саналады. Қалғандар түрлі кәсіппен айналысады.
Жайылма елді мекені Шымкент-Самара тас жолының бойынан жеті шақырым жерде қоныс тепкен. Ауылдағыларды үлкен жолдан ауылға келетін жолдың жайы қинайтын. Ойдым-ойдым жолдар көлік иелеріне қолайсыз еді. Енді жайылмалықтар жолдың жөнделетінін естіп, қуанып қалды. Биылғы жылға облыстық бюджет есебінен бөлінген 48 млн. теңге қаржыға жолды орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Ауылдағылардың әлеуметтік мекемелерге мұқтаждығы жоқ. Соңғы жылдары пайдалануға берілген мектеп ? көз тартар ғимараттың бірі. Оның қасындағы балабақша тарлау болғанымен ауылдағы бүлдіршіндерді қамтуға мүмкіндік туғызып отыр. Ауыл тұрғындары келешекте жаңа үлгідегі балабақша салып берсе деген тілегін айтады. Оқырмандар кітапхана игілігін көруде. Сонымен қатар, ауылдық клуб мәдени шараларды өткізуге жарамды. Ал фельдшерлік-акушерлік қосын ғимараты жаңартуды қажетсінеді.
Бұрындары ауылдағылар жарықтан қиналатын. Қазір электр қуаты іркіліссіз беріледі. Әйтсе де, тозығы жеткен ішкі электр жүйелері, бағаналары және трансформаторлары ауыстыруды қажет етеді. Өткен жылы елді мекенді көркейту-көгалдандыру бағытында біршама жұмыстар жүзеге атқарылды. Бұл мақсатта қаралған 425 мың теңге қаржыға ауылдың тау беткейінен 1 гектар жер дайындалып, оған тал-теректер отырғызылды. Егілген көшеттер көктеді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Екі жүзге жуық түтін тұратын Жайылма ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігінің тамыр бүлкілі осындай. Жергілікті тұрғындар мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан қолдауларға ризашылығын білдіреді.