Жаза басып, жаңылғандардың түзелуіне көңіл бөлеміз - қызылордалық полицейлер

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінде қызмет атқаратын Нұрбол Баймырзаев, Айдос Танбаев пен Рақым Сыздықов ұзақ жылдан бері жемісті еібек етіп келеді. Өмірдің сан соқпағында жаза басқан азаматтармен тәрбие жұмысын жүргізіп, олардың түзеліп кетуіне зор үлес қосып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Нұрбол Сисенұлы 2006 жылдан бері қылмыстық атқару жүйесі саласында қызмет атқарып келеді. Бүгінде тәжірибелі қызметкерге, кәсіби маманға айналған.


Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы ҚАЖ департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде бақылаушы-маман болып бастады.

Қызмет атқарған 17 жыл ішінде бақылаушы, аға бақылаушы, пробация қызметінде инспектор, бөлім бастығы лауазымына дейін көтерілген.

Қазір Қызылорда қалалық пробация қызметінің аға инспекторы лауазымында еңбек етіп жүр.

«Полицей болу бала күнгі арманым еді. Арманым орындалып, погон таққан сәтте қуанышып ерекше еді. Өйткені, ата-анам құқық қорғау саласында еңбек етті. Сондай-ақ, ағам Серік пен апам Сәуле құқық қорғау саласында қызмет атқарып, зейнетке шықты. Қай кезде де уақытпен санаспай жұмыс жасаймыз. Тапсырманы тиянақты орынау үшін барымызды саламыз. Ауыртпалығы мол қызметте көптеген қиындықпен бетпе-бет келдім. Бірақ, қызметтің оңайы болмайды ғой. Шын ниетіңмен еңбек етсең, алынбайтын қамал жоқ»,-дейді Нұрбол Сисенұлы.

Нұрбол бүгінде жұбайымен бірге 3 қыз, 1 ұл өсіріп отырған ардақты әке.

Ал әділет майоры Айдос Танбаев қылмыстық-атқару жүйесі саласында 10 жылдан астам қызмет етіп келеді.

Сонау мектеп қабырғасында жүргеннен тәртіп сақшысы болуға қызықты. Қазір ҚАЖ саласында ауқымды істердің атқарылуына өз үлесін қосып келеді.


Орта мектепті тамамдаған 2006 жылы «Болашақ» уинверситетінің түсіп, заңгер мамандығын алып шықты.

Еңбек жолын 2008 жылы Қызылорда облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы Қармақшы ауданы және Байқоңыр қаласы полиция взводының полицейі болып бастаған.

2013 жылы Байқоңыр қалалық қылмыстық-атқару инспекциясына инспектор болып тағайындалады. Ұқыпты, жауапкершілігі мол жас маман осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, қызметтік қабілетін шыңдады.

«Жаза басып, жаңылған азаматтарды түзелу жолына түсіру, олардың өмірге деген көзқарасын өзгерту - біздің жұмысымыз осы. Оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсете отырып, сот қаулысымен жүктелген міндеттерді, олардың жауапкершілігі мен құқықтарын түсіндіреміз, жаза өтеу тәртібі мен шарттарын бұзбауға шақырамыз. Пробация есебіндегі тұлғалармен түрлі мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырып, қайта қылмыс жасауының алдын алу бағытында жұмыс атқарып келеміз»,- деді Айдос.

Ол бүгінде Байқоңыр аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы лауазымында қабілетті де қарымды қызметкерге айналды.

Қызметте абырой биігіне көтерілген азамат отбасында аяулы жар, ардақты әке. Жолдасы Айшолпан екеуі 2 ұл, 2 қыз өсіріп отыр.

Рахым Сыздықов «Болашақ» университетінде 2013 жылы заңгер мамандығын алып шықты.


Еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Байқоңыр қалалық қылмыстық-атқару инспекциясында инспектор болып бастаған.

Бүгінде пробация қызметінде антына қызмет ете жүріп, өзінен кейінгі жас буынға көмегін көрсетіп жүреді.

Қарамағындағы қызметкерлерден бірінші кезекте тапсырылған шаруаны тиянақты тындыруды, ұжыммен ортақ тіл табысып, дұрыс жұмыс істеуді талап етеді.


Соңғы жаңалықтар