18:26, 16 Мамыр 2019 | GMT +5
Жазда Алакөлде туристік полиция жұмыс істейді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында да туристік полиция бөлімшесі жасақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған бөлімше қызметкерлері 1 маусымнан бастап жұмысқа кіріседі. Олар негізінен Үржар ауданының Алакөл жағалауында туристерге қызмет көрсетіп, қоғамдық тәртіпті қадағалайды.
«Қазірге дейін іріктеуден 5 сақшы сүрінбей өтті. Бұл жерде басымдық полиция қызметкерінің шет тілдерді еркін меңгеруі басшылыққа алынды. Қазақстан тарихын қаншалықты терең білетіні де ескерілді» - дейді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметшісі Азамат Раисов.
Оның айтуынша, биыл Алакөлдің Шығыс жақ жағалауында қосымша 60 бейнекамера орнатылады. Соның арқасында жағалаудағы қоғамдық тәртіпті 100 камераның көмегімен қадағалау жоспарланған.