Жазда ел халқы қай ақылы жолмен көп жүрді

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жазда Қазақстандағы ақылы жолдармен 25,8 млн-нан астам көлік жүріп өтті. Ең көп сұраныс Алматы – Қонаев бағытына түскен.

ақылы жолдар
Фото: Kazinform

«ҚазАвтоЖол» мәліметіне қарағанда, 2026 жылғы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 28 ақылы учаскесінде 25 818 167 көлік жүріп өту дерегі тіркелді. Бұл тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлікке тең.

Үш айдағы көлік қозғалысы бойынша бірінші орында Алматы — Қонаев бағыты тұр. Бұл учаскемен 4,31 млн-нан астам көлік өткен.

Екінші орында Шымкент — Өзбекстан шекарасы бағыты орналасқан. Мұнда 2,68 млн көлік жүріп өткен. Үшінші орында Шымкент — Тараз учаскесі — 1,87 млн көлік.

Жаздағы көлік қозғалысы жоғары болған басқа бағыттардың қатарында Тараз — Қайнар (1,81 млн), Астана — Теміртау (1,49 млн), Астана — Щучинск (1,46 млн), Шымкент — Қызылорда (1,4 млн) және Қонаев — Талдықорған (1,2 млн) бар.

Ал алғашқы ондықтағы ақылы жолдардың өзінде 18,2 млн-нан астам көлік жүріп өткен. Бұл — барлық ақылы жолдағы жазғы трафиктің шамамен 71 пайызы.

Көлік қозғалысының географиясы жаз айларында ірі қалаларды байланыстыратын бағыттармен бірге туристік және демалыс орындарына апаратын жолдарға да сұраныс жоғары болғанын көрсетеді. Атап айтқанда, Алматы — Қонаев, Астана — Щучинск, Щучинск — Көкшетау, Қарағанды — Балқаш, Қызылорда — Арал және Үшарал — Достық бағыттары ішкі туризм үшін маңызды көлік арналарына айналып келеді.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жол инфрақұрылымын дамыту автотуризмнің өсуіне де ықпал етеді. Қазір республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1 500-ге жуық жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында жанармай құю станциялары, тамақтану орындары, қонақүйлер, демалыс орындары мен санитарлық нысандар бар.

Сонымен қатар республикалық автожолдар бойында электромобильдерге арналған 60-тан астам электр қуаттау станциясы жұмыс істеп тұр.

Жаздағы көлік жүріп өту саны бойынша ақылы жолдардың алғашқы ондығы:

  1. Алматы — Қонаев — 4 310 266;

  2. Шымкент — Өзбекстан шекарасы — 2 682 324;

  3. Шымкент — Тараз — 1 872 053;

  4. Тараз — Қайнар — 1 815 796;

  5. Астана — Теміртау — 1 493 818;

  6. Астана — Щучинск — 1 460 655;

  7. Шымкент — Қызылорда — 1 408 438;

  8. Қонаев — Талдықорған — 1 202 409;

  9. Щучинск — Көкшетау — 1 063 372;

  10. Тараз айналма жолы — 945 725.

Еске салайық, мұның алдында ақылы жолда ақшаны қалай үнемдеуге болатынын жазғанбыз.