Жаздық дақылдарды қуаңшылықтан сақтандыруға өтінім қабылданады

АСТАНА. KAZINFORM — «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ 2026 жылғы маусымға жаздық дақыл егістерін қуаңшылықтан сақтандыру полистерін субсидиялауға өтінім қабылдауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

бидай, егін науқаны
Фото: Ақорда

Бағдарлама аясында мемлекет сақтандыру сыйлықақысының 80%-ын субсидиялайды, ал фермер тек 20%-ын төлейді.

Сақтандыру суарылмайтын жерлерге (2 және 3 фазалар) жүргізіледі. Өтінім беру мерзімдері өңірге байланысты.

Мәселен, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары бойынша, дәнді дақылдар — 2026 жылғы 1 сәуірге дейін; майлы дақылдар — 2026 жылғы 15 сәуірге дейін қабылданады.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Жетісу облыстары үшін дәнді және майлы дақылдарды сақтандыруға өтінім қабылдау мерзімі 2026 жылғы 3 наурызға дейін ұзартылды.

— Өтінімді Kezekte.kz платформасындағы АӨК сақтандырудың онлайн жүйесі арқылы беруге болады. Жеке кабинетте фермер егіс алқаптарын көрсетіп, сақтандыру компаниясын таңдап, шарт жасасып, сақтандыру сыйлықақысының 20%-ын төлеуі қажет. Қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидия түрінде сақтандыру компаниясына аударылады. Бағдарлама ықтимал қуаңшылық жағдайында аграрлық сала өкілдерінің тәуекелдерін азайтуға және жаздық дақылдар өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Осыдан бұрын майлы дақылдардың 90%-ы елде өңделетіні анықталды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум