Жазғы гардероб: қандай түстер мен маталар трендте
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы жаз маусымында сән әлемінде жеңілдік, табиғилық және айқын силуэттерге басымдық беріліп отыр. Бұл туралы стилист Мөлдір Бейсенғали Jibek Joly арнасының “Бүгін LIVE” эфирінде айтты.
Стилистің мәліметінше, биылғы маусымда түс таңдауда ашық әрі салқын реңктерге ерекше мән берген жөн.
– Pantone Color Institute белгілеген биылғы жаздың ең басты түсі ақтың салқын реңгі. Екіншісі қанық қызыл түс. Көгілдір, ашық қызыл, лайм түстер де трендте. Оған қоса өзіміз күнделікті киетін базалық ақ, сүр түстер де бар. Жазғы уақытта өзіміз әдетте көретін түстердің ақшыл реңктерін таңдауға болады. Жаз уақыты болған соң сапалы табиғи маталарға назар аударамыз. Зығыр, тоқыма, мақта маталарын таңдауға болады. Биыл атлас матасынан шалбарлар, көйлектер мен белдемшелер трендте, – дейді Мөлдір Бейсенғали.
Сондай-ақ маманның айтуынша, сәнде шығыс нақышы қайта жанданып келеді, ал киім пішімінде айқын силуэттер алдыңғы қатарға шыққан.
– Биыл шығыс стиліндегі киімдер сәнде. Кестеленген көйлектер және тізенің үстінен келетін белдемшелер де сәнге қайта оралды. Бұған дейін кең киімдерді көп киетін. Ол трендтен біртіндеп ығысты. Қазіргі таңда дене бітімімзді айқындайтын киімдер сәнге айналып жатыр, – дейді Мөлдір Бейсенғали.
Маман гардероб құруда базалық киімдердің үлесі басым болуы тиіс екенін айтады.
– Универсалды базалық киімдерге ақ жейде, шалбар, белдемше, өзіңіздің дене бітіміңізге сай көйлек пен джакеттер жатады. Базалық түстерден жазда ақ түсті таңдаған жөн. Мысалы ақ костюм шалбарды алсаңыз барлық жерге кие бересіз. Қара, сұр, қоңыр түстер универсалды түстерге жатады. Бірақ жаз айларында ақшыл түстерді таңдағанымыз дұрыс. Әр әйелдің гардеробында 70% базалық киімдер болса, 30%-ына трендтік киімдерді алуға болады. Сол кезде трендтік киімдерді өзіміздің базалық киімдермен үйлестіріп жүре аламыз, – дейді стилист.
Айта кетейік, “Бүгін LIVE” студиясына Kazakhstan Fashion Week негізін қалаушы Саят Досыбаев қонақ болды.