Өз елімде алғаш рет дауыс бергеніме қуаныштымын – әлем чемпионы Мария Бровкова
ОРАЛ. KAZINFORM – Бүгін Орал қаласына қарасты Круглоозерный кентіндегі № 431 референдум учаскесінде байдарка мен каноэ есуден жасөспірімдер арасында екі мәрте әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері, ересектер арасында әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Париж Олимпиадасына қатысқан Мария Бровкова дауыс берді.

Өзінің айтуынша, осыған дейінгі сайлауда жасы 18-ге толмағандықтан, бұл оның референдумға алғаш рет қатысуы екен. Ескекші анасы, жеке бапкері Елена Бровковамен бірге дауыс берді.
«Өз елімнің дамуы үшін дауыс бергеніме қуаныштымын. Қоғамның дамуына әркім өз үлесін қоса білгені маңызды. Қай жерде жүрсек те, еліміз, туған жеріміз естен кеткен емес. Оралдағы демалысым да бітіп қалды. Төрт күннен кейін Ташкент қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына аттанамын. Алдағы жылы Азия чемпионаты, 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионаты, ересектер арасында дүниежүзілік дода сияқты маңызды жарыстар болады. Алдағы мақсат біреу – ел намысын абыроймен қорғап, қай-қайсысынан да жүлдемен оралу», - деді Kazinform тілшісіне Мария Бровкова.

Еске сала кетейік, Мария Бровкова мен Руфина Искакова Париж Олимпиадасында байдарка мен каноэ есуден 11-орын алды. Сондай-ақ бұған дейін Олимпиадаға қатысқан Мария Бровкованың әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алғанын жазған едік.