Жазғы шомылу маусымы: Шымкентте қай жерде суға түсуге болады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Қаладағы барлық су айдындары шомылуға қауіпсіз емес және кей жерлерде суға түсуге тыйым салынған. 

Жазғы шомылу маусымы: Шымкентте қай жерде суға түсуге болады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Биыл Шымкентте су маңында жаппай демалуға арналған бес ресми аймақ белгіленді. Алайда шомылуға тек үшеуінде ғана рұқсат етілген:

• Кошкарата өзенінің бастауы;

• «Рахат-Бадам» демалыс аймағы (Бадам су қоймасы);

• «Холодильник» демалыс аймағы (Тоғыс су қоймасы).

Дендропарктағы көл мен «Жайлаукөл» аймағы серуендеуге және судағы ойын-сауыққа арналған орындар болып қала береді, бірақ шомылуға тыйым салынған.

Тыйым салынған жерде суға түсу – 27 524 теңге мөлшерінде айыппұлға әкелуі мүмкін. Өткен жылы Шымкентте әкімшілік кодекстің 412-бабы бойынша 46 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 800 мың теңгеден астам айыппұл салынған.

– Суда болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқарушылар профилактикалық шараларды күшейтуде. Шомылу маусымы басталғаннан кейін тұрғындарға 112 қызметінен ескерту SMS-хабарламалар жіберіледі. Сонымен қатар, тыйым салатын және ескерту белгілері орнатылып, полициямен бірлескен рейдтер өткізіледі. Қауіпті жерлерде қараусыз жүрген балалардың ата-аналарына да шара қолдану жоспарланып отыр, - делінген Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Табиғи су көздерінен бөлек, шымкенттіктер 20 аквапарк пен бассейннің қызметін пайдалана алады. Бұл бағытта қолданыстағы меморандумдарға толықтырулар енгізіліп, сабақ кестелері мен балалар тізімі жасақталады. Жүзуді үйрету тегін жүргізіледі.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында қала аумағындағы шомылуға тыйым салынған орындардың саны 13-тен 30-ға дейін көбейтілмек.

Биыл Шымкентте, қуанышқа орай, әзірге суға байланысты бірде-бір қайғылы оқиға тіркелген жоқ, алайда шомылу маусымы енді ғана басталды. Ал, өткен жылы қалада екі адам суға батып көз жұмған, оның бірі – бала болған.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысындағы су айдындарында 21 қайғылы оқиға тіркелгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар