Жазғы Азия ойындарының чемпионы атандырған өткен жылға ризамын - А.Дергунов, халықаралық дәрежедегі спортшы, БҚО
Өзінің айтуынша, бұдан бұрын да ол халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп келеді. Соның ішінде Бейжің мен Лондон олимпиадасына да қатысты. Бірнеше мәрте Азия чемпионы атанды. Дегенмен төрт жылда бір келетін Азия ойындарының чемпионы бола қойған жоқ еді. Инчхондағы табыс - тынбай жаттығудың, өз шеберлігін үнемі жетілдірудің арқасы. Бір жақсысы, Оралда батысқазақстандық ескекшілер үлгі тұтатын адам бар. Ол - ескек есуден 1986 жылғы әлем чемпионы Александр Акунишников. Қазіргі таңда А.Акунишников өз білгенін кейінгі жастарға үйретіп, оларды үзбей жаттықтырып келеді. Бұл өз жемісін беруде. Оған А.Дергунов пен А.Ергучевтің жазғы Азия ойындарының чемпионы атануы дәлел бола алады. Болашағынан үміт күттіретін басқа ескекшілер де жоқ емес.
«Өткен жыл соңында Батыс Қазақстан облысы бойынша үздік спортшылар анықталып, марапатталды. Мен жыл спортшысы атанып, жаңа пәтердің кілтін алып, мерейім өсті. Бапкерім Александр Акунишников «Жыл жаттықтырушысы» атанса, Андрей Ергучев «Жыл серпілісі» аталымын иеленді. Оған қоса А.Акунишников пен Виталий Астафьевке «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Еңбегімізді бұлайша бағалау бізді жаңа жетістіктерге жетелейді. Жаңа жылда да халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғайтын боламыз», деді А.Дергунов.