Жазит Кәкпенұлы: Халқымыздың өсіп- өркендеуінің кепілі - отбасылық ынтымақ пен татулықта
Оның айтуынша, отбасының алтын діңгегі әрине, өмірдің парқын терең түсінетін, ұрпағын ана тіліне, қазақтың бауырмалдығы мен қонақжайлылығына, қайырымдылыққа баулитын ата-әже. Олар бала үшін - асқар тау, орны ерекше тәлім-тәрбие мектебі.
«Иә, расында да көпті көрген мейірбан ата-ана балаларын да бір-бірімен егіз қозыдай табыстырып, келіндерін, күйеу балаларын да бауырына тартып, білмегенін үйретіп, білетінін асырып, мәпелеп ұстайды.
Өкінішке орай, кейінгі кезде біздің халықта ене мен келін, тіпті, кейде ата мен келін арасындағы жарасымды тұрмыс қағидаларына сызат түсе бастады. Бұл бұрыннан да жоқ емес, бар еді, бірақ, қазір заманның қатыгезденіп бара жатқанынан ба, тым кең ауқым алып кетті. Болмашыға бола бір-бірін түсінбеушілік, жас баланы «отырса опақ, тұрса сопақ» қылу, кейде керісінше, келіннің шайпау мінезі екі ортада ер азаматтың да алтын басын сергелдеңге салып, аяғында ажырасу деген соңғы шектен бір-ақ шығаруда. Көп жағдайда балалар келіспейді де тәп-тәуір құда-жекжат болысып, сыйласқан ата-аналар бір-бірінен алшақтауға мәжбүр.
Ұлт болашағы дегенде біз мұның бәрін айтпай тұра алмаймыз. Өйткені, халқымыздың өсуінің, өркендеуінің кепілі көбіне-көп осы отбасылық ынтымақ пен татулықта жатыр. Басқа мемлекеттердің өзі Халықаралық отбасы күнін атап өтуі тегін емес, яғни, отбасының шырқы бұзылмауы барлық елдерге керек. Ол - елдегі әлеуметтік жағдайдың дұрыс болуының да бір төте жолы.
Сондықтан, кейінгі уақытта біздің елімізде, соның ішінде біздің облысымызда осы айтулы күннің неғұрлым кеңірек аталып өтуіне баса көңіл бөлінуі құптарлық», деп сөзін одан әрі жалғастырды кейіпкеріміз.
«Меніңше жоғарыда айтқан кеселдермен күресу үшін не істеу керек? Біріншіден, қоғам болып, көп болып, отбасы рөлін арттыруымыз керек. Бұл үшін, әсіресе, жаңадан отау тігіп жатқан жастардың өз қолы өз ауыздарына жететіндей, баспана, жұмыс мәселелерін жете шеше түспей болмайды. Содан кейінгі бір жай, ғасырдан-ғасырға жалғасумен келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбие, яғни, үлкенді сыйлау, кішіге ізетті болу, еңбектен тартынбау, жарға адалдық, балаға қамқорлық мәселелері жастардың құлағына неғұрлым көп сіңірілсе, оның да берері аз емес. Ортамызда біз білетін, білмейтін қаншама көпті көрген ұлағатты жандар, батыр аналар, сирек те қызығарлық тағдыр иелері бар. Немене, шөпшекке дейін жалғасқан әулеттер де табылады. Міне, баспасөз беттерінде, көгілдір экранда осылар туралы көп айтылып, әсерлі кездесулер ұйымдастырылып жатса, нұр үстіне нұр. Соңғы кездері ұрпақтар сабақтастығының ұлағатты тұстарын паш ететін мазмұнды шаралар елімізде жиі қолға алына бастады. Бұл өте дұрыс. Өткен жылы республика, облыс бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өте жақсы өтті. Оның аясындағы игі шараларға, біздің Ақмола өңірінен жеңімпаз атанған Мұқашевтардың әулетіне қалай қуандық. Міне, отбасылық құндылықтарымызды осылай үздіксіз насихаттай беруіміз қажет. Сонда бізде де «шағын мемлекет» делінетін әрбір жас отау мен шаңырақтың іргесі нығая түседі. Келіні Зейнеп Ахметованың батыр Баукеңнің шаңырағына қалай құт болып енгені жөніндегі «Шуақты күндер» кітабын да біздің ана тілін білетін әрбір қызымыз оқып шығып, көңіліне тоқыса деймін. Осылай ұмтылып қана еліміздегі әр отбасы өзінің бақытының кілтін таба алады», дейді Жазит Кәкпенұлы.
Еске сала кетсек, биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Көкшетау қаласынан қатысқан Кәкпеновтер отбасы бас жүлдеге ие болып, бағалы сыйлықпен марапатталған болатын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, отағасы Жазит Кәкпенұлы бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласына елеулі үлес қосқан ардақты азамат. «Батыр ана» атанған өмірлік жары Қарашаш Ғалиқызы екеуінің шаңырақ құрғандарына биыл 60 жыл толып, гауһар тойларын атап өтпекші. Жеті баланы дүниеге әкеліп, бүгінде 18 немере мен 3 шөберенің қызығын тамашалап отыр. Балалары осы күні еліміздің түрлі саласында қызмет етіп, мемлекет игілігі үшін маңдай терлерін аянбауда. Немерелері «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германия, Англия, Австрия мемлекеттерінде білім алып жатыр. Қазіргі кезде аталған отбасы Астанада өтетін ұлттық байқаудың биылғы республикалық кезеңіне дайындықтарын пысықтау үстінде.