Жазушылар жанарындағы Үндістан немесе «мәрмәр тәждің» кереметі
АСТАНА. KAZINFORM – Жуырда Үндістан астанасы Делиде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бірінші Өркениеттер диалогы форумы өтті. Онда ШЫҰ-ға мүше 10 елден өзге де мемлекеттер, жалпы 27 ел өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясы құрамында Үндістанға біз де барып, форум жұмысына атсалысудан бөлек, аталған республиканың өткені һәм бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Осы сапарымыз жайлы жолжазба очеркімізді назарыңызға ұсынамыз.
Жиынға 27 мемлекеттің (Үндістан, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Иран, Ресей, БАӘ, Қатар, Моңғолия, Комбоджа т. б.) мәдениет министрлері, салаға жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері жиналды.
Ашылу рәсімінде Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди сөз сөйледі. Баяндамасында ол жаһандық бейбітшіліктің ең берік кепілі мәдени байланыс екенін атап өтті.
— Соңғы жылдарда Шанхай ынтымақтастық ұйымы қауіпсіздік, экономика т. б. салалардағы серіктестікті едәуір нығайтты. Осындай жағдайда мәдени және өркениеттік ынтымақтастық түрлі елдер арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі күшейтуге ықпал етеді, — деді Нарендра Моди.
Форум аясында өркениетаралық диалог, мәдени әралуандылықты сақтау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне арналған тақырыптық секциялар ұйымдастырылды.
— Қазақстан мәдени әралуандықты дамыту, өркениетаралық диалогты нығайту және гуманитарлық байланыстарды кеңейту бағытында дәйекті саясат жүргізіп келеді. Біз мәдениетті тарихи жад пен ұлттық бірегейлікті сақтаудың құралы ғана емес, мемлекеттер мен қоғамдарды жақындастыратын тиімді тетік ретінде де қарастырамыз. Қазақстан халықаралық мәдени алмасуды дамытуға, ұлттық өнерді шетелде насихаттауға, музей және театр салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, жас мәдениет қайраткерлерін қолдауға және креативті индустрияларды дамытуға ерекше көңіл бөледі, — деп мәлімдеді Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат вице-министрі ретінде бастап барған Айбек Сыдықов форум барысында.
Айта кетейік, ол осы жиыннан елген оралған соң, ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды.
Сонымен бірге, Айбек Сыдықов Қазақстан ШЫҰ аясындағы мәдени-гуманитарлық серіктестікті одан әрі жалғастыруды қолдайтынын жеткізді. Осыған байланысты мәдениетаралық диалогты жүйелі түрде ілгерілету, мәдени алмасу бағытындағы бірлескен жобаларды кеңейту, жастар және білім беру саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, креативті индустриялар мен цифрлық мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту тәрізді ұсыныстарын айтты.
Үндістандағы қазақ жазушыларының ізі
Форум аясында ұйымдастырылған секциялардың бірі «Тіл, әдебиет, жазу және қолжазба дәстүрлері» (Language, Literature, Script and Manuscript Traditions) деп аталды. Бұл отырыста мен қазақ және үнді халықтары арасындағы әдеби байланыстар жөнінде сөз сөйледім. Баяндамамда қамтылған негізгі мәселелер жөнінде қысқаша мәлімет бергенді жөн көрдім.
Үндістан десе, әлбетте, ең алдымен, Мұхтар Әуезовтың есімі ойға оралады. Ол 1955 жылы Кеңес делегациясы құрамында бұл елге келіп, үнді қалалары мен штаттарын 45 күн бойы аралаған. Ондағы тарихи орындарға барып, мәдени ескерткіштерді тамашалап, жергілікті зиялы қауыммен және қарапайым халықпен кездескен. Делегацияны, тіпті, сол кездегі Үндістан Президенті Раджендра Прасад пен Джавахарлал Неру қабылдаған.
Елге оралған соң, Мұхтар Әуезов Үндістанда алған әсері мен көрген-білгені жөнінде мақалалар жазған. Осындай туындыларын жинақтап, 1958 жылы «Индия очерктері» деген кітап шығарды. Онда автор үнді халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайында мәлімет береді. Сонымен қатар, сәулет өнері үлгілеріне айрықша тоқталып, шабыттана суреттейді. Мәселен төмендегі үзіндіге назар аударыңыз:
— Шаһжиһан салдырған арғы-бергі Делидің ең көркем де көрнекті әсем ескерткіші «Қызыл сарай» маңына да келдік. Біз бұл сарайға ескі Делидің Лахор атты дарбазасынан келіп кірдік. Аса биік етіп, ақ мрамор мен ұсақ көп күмбездер жасап, қызыл қабырғаға шатырлардай аппақ боп орнатылған төбешіктер, бейнебір алыстан көрінген, жиі қонған ақ отаулар төбесіндей. Қызыл сарайдың өзіне бастар дарбазаның бір өзінің көркі де өзгеше боп көз тартады. Ал патша сарайы жалпы Индиядағы сарайлардан мүлде басқаша бір ерекшелігін байқатады, — деп жазады қаламгер.
Әуезов «Қызыл сарай» деп жазып отырған ғимарат Қызыл қамалдың (ағылшыншасы — Red Fort) аумағында. Бұл үлкен кешен 200 жылдан астам Ұлы Моғол империясы билеушілерінің резиденциясы болған. Орталық 1639-1648 жылдар аралығында Шаһ Жаһанның бұйрығымен салынған. Қызыл қамал 2007 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
Бұл нысан әлі күнге дейін Делидің басты туристік нысандарының бірі саналады және мемлекет үшін символдық мәні зор. Өйткені, 1947 жылы 15 тамызда Үндістан тәуелсіздігін жариялағанда, алғашқы Премьер-министр Джавахарлал Неру елдің туын осы қамалдың басты кіреберісі Лахори қақпасына салтанатты түрде көтерген (жоғарыдағы үзіндіде Әуезов «Лахор дарбазасы» деп жазады). Содан бері жыл сайын 15 тамыз Тәуелсіздік күнінде Үндістан байрағы дәстүрлі түрде осы қамалда, аталған қақпада көтеріледі.
«Индия очерктерінен» үзінді келтіре отырып, Қызыл қамал туралы да қосымша деректер ұсындық. Тағы бір айта кететін жайт — қазақ жазушысы Үндістанға 1961 жылы наурыз айында Кеңес делегациясы құрамында екінші рет сапар шегіп, III Халықаралық бейбітшілікті қорғау конгресіне қатысқан.
Мұхтар Әуезов сапарымен ғана емес, шығармашылығымен де қазақ және үнді халықтарын байланыстырады. Олай дейтініміз, сөз зергері Рабиндранат Тагор туралы бірнеше мақала жазған. Солардың бірі «Тагордың кемеңгерлігі» деп аталады. Онда автор:
— Рабиндранат Тагор үнді әдебиетінің дамуына тұтас дәуір құраған шығармалар тудырды. Оның шығармалары терең лиризмге, өмірдің шұғылалы нұр шапағына толы. Тагордың өз Отаны азат болуын аңсауды мұрат етуден туған аса ірі айтулы шығармаларын мәңгі-бақи ескірте алмайтын да осындай қадір-қасиеті, — дейді.
Ал Абай мұрасын насихаттауда Әуезов қандай еңбек сіңіргенін біз айтпай-ақ көпшілікке мәлім. Мақаламызда Абай мен Тагордың есімін атауымыз бекер емес. Екеуі — екі халықтың әдебиеті, руханияты, тарихындағы алып тұлғалар. Қос ел дана перзенттерін бір-біріне таныту мақсатындағы жобаларды атқарып келеді.
Мәселен, 2020 жылы Абайдың 40 өлеңі мен 45 қара сөзі енген жинағы «Шабд Манджуша» («Сөздер қазынасы») деген атаумен хинди тіліне аударылып, жарық көрді. 2022 жылы еліміздің Үндістандағы елшілігі бұл кітапты қайтадан басып шығарды. Рабиндранат Тагордың туындыларын ана тілімізге тәржімелеуде қазақ қаламгерлері айтарлықтай үлес қосты. «Күйреу» романы мен әңгімелерін С. Шаймерденов, «Соңғы поэма» романын Ж. Әбішұлы, өлеңдерін Ж. Әбдірашев орыс тілінен аударды. Аталған шығармалар бір кітапқа топтастырылып, 2007 жылы «Аударма» баспасынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шықты. Одан бөлек, Рабиндранат Тагордың таңдамалы шығармаларын ақын, аудармашы Әубәкір Нілібаев тәржімелеп, жинақ қылып шығарды. Бұл бағыттағы еңбегі үшін Үндістан Республикасының Падма Шри сыйлығының лауреаты атанды.
Үнді жеріне табаны тиген тағы бір ұлы жазушымыз — Оралхан Бөкей. Ол 1993 жылы Үндістанға сапарлап барғанда, аяқ астынан жүрегі сыр беріп, 17 мамырда Делиде көз жұмады. Бұл қаза — әлбетте, күллі қазақ халқы және әлемнің әр түкпіріндегі әдебиетсүйер қауым үшін ауыр соққы, орны толмас қайғы болды. Дегенмен, бүгін біз Оралхан туралы айтқанда, оның демі үзілген жер үнді топырағы екенін де қатар еске аламыз. Суреткердің тағдыры, ақырғы сәттері қазақ және үнді халықтарының арасында көзге көрінбес көпір орнатқандай.
Соңғы жылдарда да қазақ-үнді ұлттары арасында әдеби байланысты нығайтуға белсенді талпыныстар байқалады. Мысалы, 2023 жылы наурыз айында ақын, Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақ қаламгерлері делегациясын Делиге бастап әкеліп, Сахития академиясы ұйымдастырған әдеби-мәдени іс-шараға қатысты.
Қос елді байланыстыратын әдеби-мәдени көпірлер жоқ емес, бар. Олардың ең негізгілеріне жоғарыда қысқаша шолу жасадық. Әйтсе де, қос халық бір-бірінің әдебиетін жақсы таныды деп әлі де айта алмаймыз. Тарихы терең, мәдениеті бай қос елдің өзара алмасатын рухани мұралары әлі де жеткілікті. Бұл істі жүзеге асыру үшін аударма, әдеби насихат, бірлескен ауқымды жобалар мен іс-шаралар деген секілді іргелі жұмыстар атқарылуы тиіс.
Орталық Азиядан шыққан, түркі текті билеушілер мұрасы
Форум күндерінде бізді Қазақстан елшілігінің қызметкерлері бірқатар тарихи-мәдени орындарға апарып, көрсетті. Солардың бірі — Құтыб мұнарасы. Бұл нысан — Делидегі ең құнды ескерткіштердің әрі Үндістан символдарының бірі. Биіктігі — 72,5 метр. 1993 жылдан бері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізімінде. Мұнара 1199 жылы тегі түркі сұлтан Құтыб-ад-дин Айбектің бұйрығымен салына бастаған.
Орталық Азияда, түркі даласында туған Құтыб-ад-дин Айбек бала кезінде қазіргі Ауғанстан жеріне құл, мәмлүк ретінде сатылған (ескерту: мәмлүктер тек қана Мысырда ғана емес, басқа елдерде де болған). Гури мемлекетінің сұлтаны Мұхаммед Гуридің қоластында әскери қолбасшы болып қызмет еткен. Онымен бірге солтүстік Үндістанды жаулау жорықтарына қатысқан. 1206 жылы Мұхаммед Гури қайтыс болған соң, Айбек өзін сұлтан деп жариялап, Дели сұлтандығын құрады.
Жоғарыда аталған Құтыб мұнарасы — бала кезінде құл ретінде сатылып, ержеткен соң сұлтанға айналған тұлға Құтыб-ад-дин Айбекің атында. Ал Айбек құрған Дели сұлтандығы 1206-1526 жылдарда өмір сүрді. Бастапқы екі ғасырда бұл мемлекетті тегі түркі сұлтандар биледі, ал кейінгі бір ғасырдан астам уақытта ауған, пуштун текті тұлғалар ел басқарды.
1526 жылы Орталық Азиядан шыққан Бабыр шах солтүстік Үндістанға шабуыл жасап, Дели сұлтандығын құлатты да, Ұлы Моғол империясын құрды. Айта кетейік, Бабыр шах — әйгілі Әмір Темірдің ұрпағы, ал шешесі жағынан — Шыңғыс ханның жиені. Ол құрған империя 1526-1857 жылдарда дәурен кешті. 1857 жылы Ұлы Моғол мемлекетін Британия империясы құлатып, Үндістанды құрамына қосып алды. Ал 1947 жылы бұл ел тәуелсіздігін жариялап, әлем картасында Үндістан Республикасы деген мемлекет пайда болды.
Ескерте кететін жайт — қазіргі Үндістан жерінде бірінен соң бірі дәурен кешкен Дели сұлтандығын да, Ұлы Моғол империясын да толыққанды түркі елдері деп айта алмаймыз. Бұл мемлекеттер билеушілерінің тегі түркі болғанымен, ел арасында парсы және үнді мәдениеттерінің ықпалы өте күшті болды. Ауған ұлтының да аздаған әсері байқалды. Осының бәрі сұлтандарға да әсер етіп, ғасырлар өте келе, олар жергілікті халыққа бейімделді. Қазіргі қазақ жерін басқарған Шыңғыс хан тұқымы моңғол болмысынан айырылып, түркіленгені секілді солтүстік Үндістанды билеген түркілер де бірте-бірте тіл, дәстүр мәселесінде парсы және үнді ықпалына ұшырап, сол жердің бұқарасына сіңісті. Бірақ шыққан тегі түркі екенін ұмытқан жоқ.
Таңғажайып Тәж Маһал
Үндістанға сапарымыз аясында елде түркі текті билеушілер салдырған мешіттер, қамалдар, мұнаралар т. б. ғимараттар көп екенін білдік. Оның бәріне бірдей баруға уақыт жетпесі анық. Алайда соның ішіндегі айрықша бір нысан, Үндістанның басты туристік орны Тәж Маһалды көрмей кетуге болмайтынын жақсы түсіндік. Делиден автокөлік жолымен шамамен 230 шақырым қашықтықтағы Агра қаласына барып, аталған кесененің сұлу сәулетіне тамсандық. Ақ мәрмәрдан салынған ғимарат көздің жауын алады екен! Бұған дейін Каирдегі Мысыр пирамидалары, Лондондағы Биг-Бен мұнарасы, Шотландия астанасындағы Эдинбург қамалы, Дубайдағы Бурдж-Халифа тәрізді тарихи һәм заманауи, көне һәм жаңа түрлі туристік нысандарды көргеніммен, соның бірі Тәж Маһалдың сұлулығына жетпей қалды!
Осы таңғажайып ғимарат туралы мәлімет берелік. Ұлы Моңғолдар империясының бесінші падишаһы Шаһ Жаһан 1592-1666 жылдар аралығында өмір сүрген. Ал 1627-1658 жылдарда ел билеген. Оның үш әйелі болған. Солардың арасында үшінші жұбайы Мұмтаз-Махалды қатты жақсы көрген. Мұмтаз-Махал императорға 14 перзент сыйлайды. Балаларының сегізі сәби кезінде шетінеп, алтауы аман-есен өседі. Сол алтауының төртеуі ұл, екеуі қыз еді. 14-ші нәрестесін өмірге әкелгенде, Мұмтаз-Махал толғақ үстінде қайтыс болады. Сүйікті зайыбының қазасы Шаһ Жаһанның қабырғасын қайыстырып, қатты қайғырады. Сөйтіп, оның құрметіне Тәж Маһал кесенесін салдырады. Бұл атау «Сарайлардың тәжі» деген мағынаны білдіреді.
Нысан 1631 жылы салына бастайды. Құрылыс жұмыстарына қазіргі Өзбекстан, Сирия, Иран, Түркия, Үндістанның оңтүстігі, т. б. елдерден 20 мыңнан астам сәулетші мен құрылысшы тартылады. Қажетті қымбат әрі берік материалдар да дүниенің түкпір-түкпірінен әкелінген. Ал бас сәулетшісі Ұстад Ахмад Лахори делінеді. Оған Осман империясы, Парсы елі т. б. жұрттардың сәулетшілері мен каллиграфтары кеңесші болып, көмектескен. Кесене құрылысы 17 жылда 1648 жылы аяқталады да, айналасындағы мешіт, қақпалар, бақ тәрізді басқа да нысандарды салуға тағы 5 жыл кетеді. Жалпы, кешен толықтай 22 жылда, 1653 жылы дайын болған.
Шаһ Жаһан ақ мәрмәрдан салынған ғажайып кесенені, төңірегіндегі әсем бақты кезген адам өзін жердегі жұмақта жүргендей сезінуін қалаған. Расында да, бұл орын әдемі әсерге бөлейді.
Айта кетейік, Үндістанды Британия империясы жаулап алғаннан кейін, ағылшындар бақ орнына көгал (газон) төсеген, қазір сол қалпында тұр. Сонымен қатар, кесенені салған шеберлердің кәсібилігі тәнті етеді. Өйткені, ғимарат қабырғасындағы Құран сүрелері, ою-өрнектер мен әртүрлі суреттер бояумен боялмаған, түрлі түсті тастардан қашалып жасалып, кейін ақ мәрмәр қабырғалар жонылып, әлгі жазулар мен өрнектер орнатылған.
Кешен құрылысына өте көп қаржы жұмсалған. Аңыз бойынша, Шаһ Жаһан Тәж Маһалдың жанынан ағып жатқан Ямуна өзенінің арғы бетіне дәл сондай, бірақ қара түсті ғимарат салдыруды жоспарлаған. Бірақ марқұм сүйіктісі Мұмтаздан туған үшінші ұлы Аурангзеб әкесін биліктен тайдырып, туған бауырларын өлтіріп, өзін падишаһ деп жариялайды. Шаһ Жаһанды үй қамаққа қамап қояды. Осылайша, Тәж Маһалды салдырған тұлға бөлмесінің терезесінен таңғажайып кесенені қарап, тамсанып, оқшауланған күйде, өмірінің қалған сегіз жылын қамауда өткізеді. Қайтыс болған соң, Тәж Маһал кесенесіне Мұмтаз-Маһалдың жанына жерленеді.
Кесене туралы тағы да қосымша деректер келтірелік. Нысанның биіктігі — ең үлкен күмбезіндегі үшкір істікпен қосқанда, 73 метр. 4 мұнарасы бар. Күмбездеріндегі үшкір істік о баста таза алтын болған. Бірақ Үндістанды отарлаған ағылшындар алтын материалдарды алып кеткен. Қазір күмбездерде қола істіктер тұр. Тәж Маһал жарықтың түсуіне байланысты жылдың әр мезгілінде және тәуліктің әр сағатында алқызыл, көгілдір, алтын түстес деген тәрізді сан алуан реңкке енеді. Бұл кешен 1983 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген. Сондай-ақ, Әлемнің жеті кереметінің бірі саналады. Кесенені көруге жыл сайын 5 миллионға жуық турист келеді, оның жүздеген мыңы — шетелдіктер.
Кешенде гид болып жұмыс істейтін Аннудж Гарг есімді кісі бізді ертіп жүріп, тарихи-мәдени ескерткіш жайлы егжей-тегжейлі мәлімет берген еді. Мақаламызға оның бір ауыз сөзін кірістіруді жөн көрдік.
— Тәж Маһал кесенесінің дәл қасында мешіт бар. Онда әр жұма күні жергілікті жамағат намаз оқуға келеді. Сол себепті, жұма күндері кесене жабық болады. Нысанның сыртындағы еден де ақ мәрмәрден төселген. Ол кірленіп, қараймауы үшін мұнда келген жұрт не арнайы аяққап киіп, не жалаңаяқ кіреді. Ямуна өзені қыркүйек айында арнасына толады. Осы мезгілде, ай толған түндері өзен бетіне Тәж Маһалдың сұлбасы түсіп, әдемі көрініске айналады, — деді бізге гид болған азамат.
Үндістанның бүгінгі бейнесі
Үндістанға қатысты біраз мағлұматты қамтыған секілдіміз. Мақаламыздың соңына таяғанда, біз Делиге Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бірінші Өркениеттер диалогы форумына қатысу үшін келгенімізді тағы бір еске салайық. Іс-шараның ашылу салтанатында баяндама жасаған Премьер-министр Нарендра Моди будда жөнінде де сөз қозғады. Халықаралық жиын барысында әртүрлі секцияларда үнді сарапшылары да буддаға жиі тоқталды. Индира Ганди атындағы әуежайда, өзіміз тоқтаған The Ashok қонақүйінде, сауда орталықтарында, түрлі қоғамдық орындарда будда мүсіні мен суретін жиі көрдік. Тіпті, Астанадағы Үндістан елшілігіне виза алуға барғанда да, қабырғаға будда бейнесін іліп қойыпты. Сонымен қатар, көптеген ер мен әйел күнделікті өмірде ұлттық киімдерін киіп жүретініне куә болдық. Мұндай жайттардан үнді халқы ұлтшыл әрі діні мен дәстүріне өте берік екенін аңғардық. Олар өздері ұстанып қана қоймай, діні мен дәстүрін жүрген жерінде насихаттап бағады. Мұны Ұлыбританиядағы Абердин университетінде оқып жүргенде де байқағанбыз. Жалдайтын пәтер іздеп жүріп, бірде үнді азаматтың үйіне кез келдік. Жалға беретін баспананың ішіне будданың шағын мүсіндері мен суретін қойыпты. Абердинде Амрин есімді үндістандық мұсылман қызбен группалас болдым. Ол да Үндістан жайлы, елінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті жайлы үнемі айтып жүретін.
Делидегі форум күндерінің бірінде ұйымдастырушылар бізді қас қарайған уақытта Қызыл қамалға (Red Fort) апарды. Онда дыбыс және жарық шоуы қойылып, өнерпаздар өнер көрсетті. Қамал қабырғаларына прожекторлардан экран жарығы түсіріліп, колонкалардан зор дыбыс пен әуен шығып, актерлер мен бишілер қойылым қойды. Шамамен, 1,5 сағатқа созылған шоуда Үндістанның Шаһ Жаһан Қызыл қамалды салдырғаннан бастап бүгінге дейінгі тарихы таныстырылды. Аталған ел мамандарының кино түсіруде тәжірибесі өте бай ғой. Ашық аспан астындағы бұл қойылым кинодан кем болған жоқ! Үнділер өз тарихын соншалықты әсерлі көрсете білгеніне тәнті болып, таңдай қақтым әрі қызықтым! Сондай деңгейде паш ете алсақ, біздің тарих та терең ғой, негізі!
Қазақстанға оралған соң, менен көп адам «Үндістан қандай ел екен?» — деп сұрады. Бұл сауал қалың көпшілікті қызықтыратыны анық, сол себепті, мақаламда осы сұраққа да жауап берейін. Шынайы өмірдегі Үндістан кинодағы Үндістанмен бірдей. Дели көшелері қаптаған қайыршы балалар мен үсті-басы азып-тозған кедей-кепшік. Қайыр сұрап жүрген ұл-қыздардың бірі бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған көліктер арасында барабан ырғағымен акробатикалық өнерін көрсетсе, енді бірі гүл шоғырын сатып, ақша тапқысы келеді. Машина терезесін қағып, жай ғана әшейін қайыр сұрайтындар да кездеседі. Ел астанасының өзінде көше бойында жүрген сиырларды көрдік. Ағаш қаулаған жап-жасыл қала болғандықтан, адамдар арасында маймылдар да емін-еркін жүреді. Бірақ тал-терек пен пальманың көптігінен не пайда, шаһар ауасы көк түтін. Қаланы тұман секілді қою сұр түтін үнемі басып тұрады. Ұшақпен ұшып бара жатқанда, айтарлықтай биікке көтерілген соң ғана мөлдір, көк аспан көрінеді. Көк түтін мыңдаған метр биіктікке жайылған. Делиден Аграға бара жатқанда, жүк көлігінің тіркемесіне ондаған адам отырып, қысылып-қымтырылып жол жүріп бара жатқанын көрдік. Жалпы, жол қозғалысы ығы-жығы. Ешкім ереже сақтамай, қалауынша жүреді. Қысқасы, жоғарыда жазғанымыздай, Үндістан кинодағы бейнесінен алшақ емес.
Алайда Делиде тек байлар ғана тұратын аудандар да бар. Онда ауқатты отбасылар бірнеше қабатты, патша сарайындай сәнді әрі заманауи жеке үйлерде өмір сүреді. Мұндай әр иеліктің алдында күзетші дүңгіршегі орнатылған, яғни құжынаған қайыршы мен қарапайым бұқара жеке аумаққа емін-еркін кіре алмайды. Дәулетті кісілер қарашамен бірге базар араламай, қымбат сауда орталықтарына барады. Сондай нысандардың біріне кіргенімізде, әдемі киінген зиялы үнділерді көрдік, яғни бұл мемлекеттің де өзіндік элитасы бар және олар жақсы тұрады, жайлы, бақуатты ғұмыр кешеді. Сонымен бірге, Делиде тек ескі әрі аласа объектілер емес, зәулім әрі сәулетті ғимараттар да көп екен.
Қорыта айтқанда, үнді еліне небәрі 4 күнге сапарлағанымызбен, көп дүниеге куә болып, көңілімізге түйіп қайттық. Үндістанда көне мен жаңа да, байлық пен кедейлік те бар. Әркім өзінің жанына жақын жайттарды көреді. Ал біз қазақ жазушыларының ізі мен Орталық Азиядан шыққан тұлғалар басқарған дәуір ескерткіштеріне көбірек мән беріп, көрген-білгенімізді оқырмандармен бөлістік.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Үндістанмен әуе қатынасын кеңейту жөнінде келіссөз жүргізетінін жазғанбыз.