Жазушы, кинодраматург Таласбек Әсемқұлов дүниеден өтті

Жазушы 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы Ақтоғай теміржол стансасында дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Алматы қаласы, Абай атындағы педагогика институты филология факультетінде білім алған. 1980-1983 ж.ж. - Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт аспаптар музейінің ғылыми қызметкері. 1984-1987 ж.ж. - республикалық «Жазушы» баспасында әдеби редактор. 1987-1998 ж.ж. - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы фольклор кабинетінің меңгерушісі. 1998-2006 ж.ж. - республикалық «Жұлдыз» әдеби журналының сын бөлімінің меңгерушісі. Проза, сценарий жазумен институтта оқып жүрген кезінен-ақ айналысқан.
Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген. «Көкбалақтың өлімі», «Біржан сал», «Жезтырнақ», «Алматы-Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.
1973 жылы «Байжігіт күйлері» атты жеке гранд-дискі бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сары» антологиясына 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) антологиясына 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Тәттімбеттің мұрасы» атты СD-дискі шыққан.