Жібек Құламбаева Испаниядағы жарыстың жартылай финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Сабаделе (Испания) ITF W35 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Казионовамен жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген.
Құламбаева — Казионова ширек финалда аргентиналықтар Орнелла Де Фацио — Маура Йовичпен кездесуі керек еді. Алайда аргентиналық дуэт матчқа келмей қалды да, қазақстандық-ресейлік жұп ойнамастан жартылай финалға жолдама алды.
Ж.Құламбаева — Е.Казионованың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Ж.Құламбаева жекелей сында алғашқы айналымда доданың 3-ракеткасы, аустралиялық Астре Шармеге жол берді — 5:7, 2:6.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 325-сатыдағы Зарина Дияс Анталия (Түркия) челленджер турнирінде әлемнің 131-ракеткасы, Польша өкілі Майя Хвалинскаға есе жіберді — 3:6, 1:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Майами мастерс турнирінде рейтингісі жоғары теннисшіні ұтты.