Жібек жолын жаңғыртып жатырмыз – ЕуроОдақтың Қазақстандағы Елшісі
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық Одақтың ежелгі Жібек жолының туристік әлеуетін жаңғырту бағытындағы жұмыстары таныстырылды.

Бүгін Астанада Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесі 2018 жылдан бері іске асырып келген «Орталық Азиядағы Жібек жолы мұрасының дәліздері – Еуропалық мәдени мұра жылының халықаралық аспектілері» атты ауқымды өңірлік жобасының нәтижелері жарияланды.

Жобаның мақсаты – Жібек жолының мәдени мұрасын сақтап, насихаттауға, материалдық және материалдық емес мұраның құндылығын арттыру, сондай-ақ, Орталық Азия елдерінде мұраны басқару саласындағы адами және институционалды әлеуетті нығайтуға бағытталған. Оның аясындағы барлық бастама өңірдің тұрақты дамуындағы мәдениеттің рөлі мен қосатын үлесін нығайтуға арналған.
«Бүгінде Орталық Азия мен Еуропаны қосатын Транскаспий көлік дәлізін дамытумен айналысып, яғни бізді көп ғасыр бұрын байланыстырған Жібек жолын жаңғыртып жатырмыз. Жоба ата-бабаларымыздың мұрасын сақтап қалуға және бүкіл Орталық Азияны байланыстырған әйгілі мәдени қазынаны насихаттауға септігін тигізді. Атқарылған жұмысымыз ежелгі салт-дәстүрлерге сүйене отырып, болашақты құруға көмектеседі деген үміттеміз. Сонымен қатар, Жібек жолы бойында орналасқан елдер жеке туристік бағыттарды құрып, жергілікті табиғаттың сұлулығы мен бай мәдениетіне қызығушылықты арттырып, жергілікті халыққа пайдасын тигізеді деп сенеміз», - деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас.

Еуропалық Одақ қаржылай қолдап отырған жобаның негізгі іс-шаралары Жібек Жолы бойындағы нысандарды қалпына келтіру, мәдени мұра негізінде туристік әлеуетті арттыру, сонымен қатар, бенефициар-мемлекеттердегі материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелерін қамтыған.
Сондай-ақ, Орталық Азия елдеріндегі Құлан ортағасырлық қалашығы (Қазақстан), Қызыл өзен ортағасырлық қалашығы (Қырғызстан), Тәжікстан ұлттық саябағы (Тәжікстан) және Хиуадағы (Өзбекстан) бүкіләлемдік мұра нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.