Жедел индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы тұрақты қоғамдық бақылауды қажет етеді
Отырысқа саяси партиялардың жетекшілері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, индустрия және жаңа технологиялар, қаржы министрлігінің өкілдері,сарапшылық қоғамдастық пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында ағымдағы жылы наурыздың 19-ы күні Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен республиканың 2010-2014 жылдарға арналған Жедел индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуында маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Бұл бағдарлама инновациялар мен жаңа технологияларды енгізуге негізделген жаңа индустриялық экономиканы құруға екпінді қарқын беруі тиіс.
Жеделдете индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша Қазақстан 2014 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің өсімін 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайыз, шикізаттық емес экспорттың үлесін 40 пайзыға дейін арттыруы тиіс. Сонымен қатар ішкі жалпы өнімде энергия шығыны 10 пайызға төмендемек. Алға қойған мақсаттарды орындау үшін Үкімет Жеделдете индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шараларының жоспарын бекітті, аймақтарды дамыту бағдарламасы, өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы, Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы-2020» жасалды. Ағымдағы жылдың өзінде 144 жоба іске қосылады, онда жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа жоғары пайдалы өндірістер құру көзделген.
Отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерінде ауқымды және күрделі міндеттерді жүзеге асыру заңнамалық нығайту шараларымен қатар, ұйымдастьырушылық өзгерістерді, қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, халықты қолдауды, олардың жүзеге асырылуына тұрақты қоғамдық бақылау орнатуды қажет ететіндігі атап көрсетілді. Қатысушылар сондай-ақ партияаралық кеңес - бұл өзекті мәселелерді талқылаудың жақсы диалог алаңы екенін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметіне ұсынбалар қабылданды және партияаралық кеңестің жаңа жұмыс тәртібі бекітілді.