Жедел жәрдем бригадасынан қандай дәрі-дәрмек талап ете аласыз
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта шақыруға шыққан жедел жәрдем бригадасы өзімен бірге қандай дәрі-дәрмек алып жүруі керектігін айтты.

Мәселе қайдан шықты?
1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметі мен мобильді бригадалар екіге бөлініп жұмыс істей бастады.
Нақтырақ айтсақ, жеделдік дәрежесі 1, 2, 3-санатқа жататын қоңырауларға дәстүрлі жедел жәрдем қызметі 24 сағат бойы қызмет көрсетсе, 4-санаттағы қоңырауларға емханалар жанындағы мобильді бригадалар сағат 8.00-20.00 аралығында қызмет көрсететін болған. Ал сағат 20.00-ден ертеңгі сағат 8.00-ге дейін бұл санаттың қоңыраулары бойынша да жедел жәрдем бригадалары шығуы шарт.
Бұл жердегі 1, 2, 3-санат деп отырғанымыз – инфаркт, инсульт, тыныс алу немесе жүрек жұмысындағы өткір ақаулар, қан кету, соққы алу немесе жарақаттану секілді жағдайлармен байланысты қоңыраулар.
Ал 4-санатқа созылмалы ауруы бар науқастардан, дене қызуы көтерілгендерден, жүкті әйелдер мен жас босанған аналардан, т. б. түсетін қоңыраулар жатқызылған.

Екі бригаданың айырмашылығы неде?
Бұған дейін жедел жәрдем бригадаларының шақырту түскен орынға жету уақыты былайша көрсетілген:
- 1-жеделдік санаты - 10 минутқа дейін
- 2-жеделдік санаты - 15 минутқа дейін
- 3-жеделдік санаты - 30 минутқа дейін.
- Ал мобильді бригадалар қызмет көрсететін - жеделдік санатындағы қоңырауларға жету уақыты – 60 минутқа дейін.
Жиналмалы сөмкенің ішінде не болу керек?
- Жедел медициналық көмек (бұдан әрі ЖМК) сөмкесі мобильді бригадалардың сөмкесінен дәрі-дәрмектердің жинағы бойынша ерекшеленеді. ЖМК сөмкесі науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдар жинағын қамтиды. Бұл сөмке, әдетте, ауруханадан бұрын көмек көрсету үшін қажет болатын ауырсынуды басатын дәрілер, аллергияға қарсы препараттар, өткір жағдайларды тоқтату үшін қажетті дәрі-дәрмектер (мысалы, инфаркт, инсульт, анафилаксиялық шок жағдайларында) және жарақаттар мен күйіктерге алғашқы көмек көрсету құралдарын қамтиды, - деп жазылған мәліметте.
Ал 1 мамырдан бастап сағат 8.00-20.00 арасында 4-санаттағы шақыруларға (созылмалы ауруы бар науқастар, дене қызуы көтерілгендер, жүкті әйелдер мен жас босанған аналар, т.б. – ред.) шығу міндеттелген мобильді бригадалардың дәрі-дәрмек қоржыны дәстүрлі жедел жәрдем сөмкесінен жұтаңдау болмақ.
- Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының мобильді бригадаларының сөмкесі құрам жағынан ЖМК бригадаларының сөмкесіне қарағанда шектеулі болады. Бұл мобильді бригадалардың негізгі қызметі шұғыл жағдайларға емес, амбулаторлық деңгейдегі медициналық көмек көрсетуге бағытталғанымен түсіндіріледі. Сондықтан олардың сөмкесінде негізінен қарапайым дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар – мысалы, қызу түсіретін, ауырсынуды басатын және тағы да басқа препараттар болады.
Сонымен, екі сөмкенің арасындағы негізгі айырмашылық – олардың функционалдық мақсатында және дәрі-дәрмек жиынтығының әртүрлілігінде, себебі әртүрлі медициналық жағдайларға көмек көрсету үшін әртүрлі дәрі-дәрмектер мен құралдар қажет, - деп жазады министрлік мамандары.

Қай бригада қандай көлікпен жүреді?
Жауапта бұл екі бригаданың мінетін көліктері де екі түрлі екені айтылған.
- 1-3 жеделдік санатындағы шақыруларға (дәстүрлі жедел жәрдем) В және С класындағы санитарлық автокөліктер пайдаланылады. В класындағы санитарлық автокөлік әдетте науқастарды тұрақты жағдайымен тасымалдауға арналған, ал С класындағы санитарлық автокөлік реанимациялық іс-шаралар мен қарқынды терапияны жүргізіп, науқастарды тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл көлік түрі, сондай-ақ өмірлік маңызды функцияларды қолдау үшін арнайы жабдықтармен жабдықталған және реанимобиль деп те аталады, - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Ал мобильді бригадаларға А класындағы көлік беріліп отыр.
- 4-жеделдік санатындағы шақыруларға А класындағы санитарлық автокөлік және МСАК ұйымдарының медициналық көмегінің мамандандырылмаған жеңіл автокөлігін пайдалану көзделеді. А класындағы санитарлық автокөлік қарапайым тасымалдауды талап ететін, бірақ ЖМК қажет етпейтін науқастар үшін пайдаланылады. Сонымен қатар, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының мамандандырылмаған жеңіл автокөліктері амбулаторлық көмек көрсету немесе жедел медициналық көмекті қажет етпейтін жағдайларды бақылауға арналған, - делінген жауапта.