Жедел жәрдемнің қайда келе жатқанын енді телефоннан бақылауға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жедел жәрдем бригадасының қозғалысын телефон арқылы бақылау жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жоба әзірге Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында іске қосылған. Сонымен қатар 13 қазаннан бастап жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енеді.
Жедел жәрдем шақырған адам бригаданың қайда келе жатқанын білу үшін диспетчерге қайта-қайта хабарласуға мәжбүр болатын жағдайлар кездеседі. Енді бұл мәселені технология арқылы шешу көзделген. Жаңа жүйе бойынша шақырту қабылданған соң азаматтың телефонына SMS хабарлама жіберіліп, онда Яндекс картасына сілтеме беріледі. Сол арқылы науқас немесе нақастың жақындары бригаданың қозғалысын бақылай алады.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының орынбасары Асхат Ишанғалиұлының айтуынша, жоба әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
– Бұл бастама алғаш рет енгізіліп отырғандықтан, оны бір қала мен бір облыста сынап жатырмыз. Егер жүйе тиімділігін көрсетіп, жұмысымызға оң әсерін тигізсе, басқа өңірлерге де енгізу мәселесі қаралады. Ол үшін қаржыландыру жағы да шешіліп, тиісті қаражат келесі жылғы бюджетке енгізілуі керек, – деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.
Жедел жәрдем шақыртуға қанша уақытта жетуі керек?
Жедел медициналық көмекке түскен өтініштер шұғылдық деңгейіне қарай төрт санатқа бөлінеді. Әр санатқа бригаданың жету мерзімі белгіленген.
Бірінші санаттағы шақыртуға бригада 10 минут ішінде жетуі керек. Екінші санатқа 15 минут, үшінші санатқа 30 минут, төртінші санатқа 60 минутқа дейін уақыт беріледі.
Алайда белгіленген мерзімде жетуге жол жағдайы, ауа райы және шақыртудың күрт көбеюі әсер етуі мүмкін. Әсіресе ірі қалаларда қарбалас уақытта, ал күз бен көктемде тұмау өршіген кезеңде жүктеме артады.
Асхат Ишанғалиұлының сөзінше, жедел жәрдем станциялары сұраныс көбейген кезде қосымша бригадалар шығарады. Соған қарамастан, кей уақытта барлық шақыртуға жедел жету қиынға соғады.
– Жылына сегіз миллионнан астам қоңырау түседі. Қазақстан бойынша тәулігіне 1 600-ден астам мобильді бригада жұмысқа шығады. Әсіресе тұмау өршіген кезде шақырту саны екі-үш есе көбейіп кетуі мүмкін. Мұндайда қосымша бригадалар жұмылдырылады, – деді ол.
Қандай жағдайда мобильді бригада жіберіледі?
Шақырту санаты науқастың жағдайына қарай анықталады. Өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда реанимациялық бригада жіберіледі. Оның құрамында шұғыл көмек көрсетуге қажетті мамандар болып, тиісті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Ал жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты науқастарға келген бригада алғашқы медициналық көмек көрсетіп, әрі қарай қайда жүгіну керегін анықтайды. Қажет болған жағдайда науқасты стационарға жеткізу мәселесі шешіледі. Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, емханада амбулаториялық ем алу жөнінде ұсыным беріледі.
Жедел жәрдем көліктері неге жиі жаңартылмайды?
Жедел медициналық көмек қызметіндегі тағы бір мәселе – көліктердің тозуы. Бұл машиналар аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағатқа дейін жұмыс істейтіндіктен, өзге қызметтік көліктерге қарағанда жылдам тозады.
Орталық өкілінің айтуынша, жедел жәрдем көліктері шамамен 6 жыл пайдаланылғаннан кейін айналымнан шығарылады. Олардың орнына жаңасын алу жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Биылғы тоғыз айда өңірлерге 300-ге жуық көлік берілген. Қажеттілік әр аймақта әртүрлі болғандықтан, кей өңірлерге ондаған көліктен жеткізілген. Көлік паркін жаңарту алдағы жылдары да жалғасады.
Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі қалай қорғалады?
-Жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа бірінші болып жететін мамандар болғандықтан, кейде ашулы туыстардың қысымына, балағат сөздеріне немесе шабуылына тап болады. Бұл мәселені тек оқиға болғаннан кейін жауапқа тартумен шектеуге болмайды, - дейді Асхат Ишанғалиұлы.
Оның пікірінше, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтіп, оларға күш көрсету мен қысым жасауға жол бермейтін тетіктер қажет.
– Жедел жәрдем қызметкерлері құқықтық жағынан жеткілікті қорғалған деп айта алмаймыз. Көбіне оқиға болғаннан кейін ғана сотқа жүгіну мәселесі туындайды. Ал мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары мен мамандардың мәртебесін күшейту маңызды. Бұл тек жедел жәрдемге емес, барлық медицина қызметкеріне қатысты мәселе, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, Алматыда жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқан екі ер адам ұсталғанын жазған едік