Жедел жәрдемнің науқасқа жететін уақытына қатысты ережені қайта қарау керек - депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Данабек Исабеков жедел жәрдемнің науқасқа жететін уақытына қатысты ережені қайта қарауды сұрады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына тоқталып, отандық медицинаны жетілдіруде жекеменшік секторды тартуды тапсырды. Мұндай жүйелі жұмыстарды жедел жәрдем қызметінде де қолдану керек деп санаймыз. Ол үшін еліміздегі жедел медициналық көмек көрсету ережесін қайта қарау өте маңызды. Ереженің 2-тарауының 11-тармағында дәрігерлік бригаданың диспетчерден пациентке дейін жету уақыты айқын белгіленген. Дегенмен, ірі қалалардан бастап, кенттер мен ауылдарға дейін нормамен белгіленбеген уақытта жедел жәрдем қызметі жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай жақында біздің әулетімізге де болды. Нақтырақ айтқанда, 23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, жедел жәрдем қызметіне сағат 13:50-де шақырту берілді. Алайда жәдел жәрдем 30 минуттан астам уақатта келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы өте ауырлап қалды. Шымкент қаласы «Жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы» ереже бойынша пациеттің жағдайы 2-ші жеделдік санатта болғандықтан, 15 минутта жетуі тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін, тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық», - деді Д.Исабеков Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, мұндай жағдайлар елімізде жиі кездеседі. Жедел жәрдем өз уақытында келетін болса, көп адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болар еді.
«Ереженің осы нормалары көп жағдайда сақтала бермейді. Кейде жедел жәрдем 1 сағаттан аса уақытта жетеді. Мұны қалай жедел жәрдем деп атауға болады? Мәселен, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Аустрия, Ирландияда жедел жәрдем қызметінің басты ерекшелігі – олар өте шұғыл, шұғыл деп екіге бөлініп, науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет деп білемін», - деді депутат.
Бұл ретте ол Денсаулық сақтау министрлігіне мына шараларды қолға алуды ұсынды. Біріншіден, жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжірибесін зерттеу қажет. Екіншіден, жедел жәрдем саласына жекеменшік секторды енгізіп, бәсекелестікті арттырып, сервистік қызмет саласын жетілдірген жөн.
Мұнымен қоса депутат барлық жедел жәрдем бригадаларының жұмысын тексеруді сұрады.