Жеке адамдар автокөлік пен жылжымайтын мүлікті лизингке алады – заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалар үшін лизинг енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

Мәжіліс
Фото: Әли Ғалым

Бұл заң жобасын Парламент депутаттары әзірледі.

- Осы құжат аясында жеке кәсіпкер саналмайтын жеке тұлғаларға лизинг енгізу қарастырылған. Бұл өз кезегінде оларға автокөлік және жылжымайтын мүлік сияқты активтер алуға мүмкіндік береді, - деді Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева.

Оның айтуынша, аталған құжат қабылданған жағдайда, азаматтардың қаржы қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі артады.

- Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.

Еске салсақ, былтыр жеке адамдарға автокөлікті лизингке алуға мүмкіндік беретін құжат пысықталып жатқанын жазған едік.

Ұсынылған түзетулер халықтың шамадан тыс несие алу деңгейін төмендету және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, сондай-ақ банк секторының және жеке лизингтік компаниялар нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар