Жеке амбициялар емес, қоғамдық мүдде көзделуі керек – Дархан Жазықбаев студенттермен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Талантты жастар мен кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту және оларды қолдау шаралары. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті студенттерімен кездесіп, осы және басқа да мәселелер төңірегінде ой бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан «шығу» тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.

«Бұл – ең алдымен, жастар үшін жасалып жатқан жеңілдіктер. Жас мамандардың ел өңірлеріне оралып, оның дамуына үлес қосуына жол ашады. Мемлекеттік қызмет мамандық таңдамайды, онда әртүрлі маман өкілдері қызмет атқара алады», - деді Дархан Жазықбаев.

Ұлттық, салалық және өзге де жобаларды іске асыру кезеңіне арнайы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік беретін келісімшарттық қызметшілер институты заңнамалық тұрғыдан енгізілді.

Биыл Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеу өткізіледі. Агенттік басшысы 2023 жылы республиканың барлық аймақтарында Өңірлік жастар кадр резервтері құрылатынын айтты:

«Бұл еліміздің жастарына зор қолдау болмақ. Сапалы кадрды бізге ешкім әкеліп бермейді, олар қоғамның ішінде. Біздің міндет – осындай жастарды тауып, мемлекеттік аппаратқа тарту және іріктеп алу арқылы кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру», - деді Агенттік төрағасы.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау тәртібін толық цифрландыру арқылы конкурстың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету қолға алынды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге онлайн режимде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.

Аймақта жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында оларға қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және ынталандыру жұмыстарын жүргізетін «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» қызмет етеді.

«Келешек білімді, жаһандық деңгейде ойлай алатын жастардың қолында. Орталарыңызда болашақта мемлекеттік қызметке келемін деген жастарға айтарым, басты мақсат – үлкен бастық болу емес, ел игілігі үшін қызмет ету болуы керек. Мақсат жеке мансаптық амбицияларға емес, ең алдымен қоғамдық мүдделерге негізделуі керек», - деді Дархан Жазықбаев.


Соңғы жаңалықтар