Жеке балабақшалар ашқан кәсіпкерлерге тәрбиелеп жатқан әр баласы үшін мемлекет тарапынан 11 мың теңге төленеді - Ж.Түймебаев

АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Жеке балабақшалар ашқан кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға тәрбиелеп жатқан әр баласы үшін мемлекет тарапынан 11 мың теңге төленеді. Бұл туралы бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесіп, Елбасының биылғы «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылаған Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев айтты.
None
None

Еліміздегі түйткілді жайттардың бірі 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту болғандығын атап өткен министрдің сөзіне қарағанда, бұл мәселені шешуге бағытталған шаралар нақты қолға алынып отыр. бұл орайда мемлекет тарапынан балабақшалар көптеп салынбақ. Екінші кезекте жеке кәсіпкерлікке, жеке бизнеске үлкен қолдау берілетін болады. Яғни жеке балабақшалар, сондай-ақ шағын орталықтардың салынуын қолдау мемлекет тарапынан басты назарға алынады.

«Бұдан кейінгі кезеңде жеке балабақшаларды ашқан бизнесмендерге, жеке тұлғаларға сол тәрбиелеп жатқан әр баласы үшін мемлекет тарапынан айсайын 11 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұл тұрғыда биылдан бастап бізге жеке балабақшадағы тәрбиешілердің қатары, сол жердегі қызметкерлердің саны да республика бойынша көбірек керек болады. Осыған орай біз жоғары оқу орындарына, колледждерге тапсырма беріп, мектепке дейінгі балалардың тәрбиешілерін көбейту үшін арнайы мемлекеттік тапсырыс береміз», деді министр өз сөзінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, еліміздегі балабақшалар мемлекеттік, жеке, мектептердің құрмындағы шағын орталықтар ретінде қызмет істемек. Бұған дейін елордада шағын орталықтар ашу тәжірибесі қолға алынып, көп қабатты үйлердің 1-2-ші қабаттарында осындай мекемелер өз жұмыстарын бастап та кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар