Жеке кәсіпкер Берденованың кім екенін білмейміз – Сәрсен Құранбек

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі

Желіде жеке кәсіпкер Берденованың мемлекеттік сатып алу конкурстарында жеңіске жеткені, оның қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке туыстық қатысы бар-жоғы туралы сұрақтар қойылып, ақпараттар тараған болатын.

– Біз жеке кәсіпкер Берденованың кім екенін білмейміз. Ол Руслан Арысбекұлы Берденовке ешқандай да қатысы жоқ. Фамилия ұқсастығы – жай сәйкестік, – деді Сәрсен Құранбек.

Әкім орынбасарының айтуынша, бұл жеке кәсіпкер 2021 жылы бес конкурстың жеңімпазы атанған. Ал 2024 жылы үш конкурс бойынша келісімшарт алған. Қазір ыстық тамақ ұйымдастыруға байланысты жарияланған 16 конкурстың ішінен бесеуінде жеңімпаз ретінде анықталып отыр.

– Берденова есімді жеке кәсіпкердің Шымкент қаласы әкімдігіне немесе онда қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлерге еш қатысы жоқ. Оның ішінде қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке де, – деп нақтылады Сәрсен Құранбек.

Сондай-ақ ол желідегі кейбір болжамдар мен қауесеттердің негізсіз екенін айтып, мұндай сауалдарды орынсыз деп бағалады.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте таксиді таспен ұрған бойжеткен қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар