Жеке компания мемлекетке отандық өнім деп шетелдік бұйым сатқаны анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында кейбір компаниялар отандық өнім деп көрсетіп, шетелдік бұйымды мемлекетке екі есе қымбат бағамен сатып жатқанын айтты.

- Өндірістің локализациясына және инвестициялық міндеттемелерге мониторинг жүргізілмейді. Бұл талаптарды формалды түрде орындауға және жағдайды теріс пайдалануға мүмкіндік жасайды. Мәселен, 2024 жылы «Казмедпром» серіктестігі мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізген. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компанияның сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиясымен сәйкес келеді, – деді Әлихан Смайылов
Сондай-ақ спикер бұндай схема импорттық тауарларды отандық өніммен алмастыру саясатының мәнін жойып, мемлекетке үлкен залал тигізетінін атап өтті.
- Бұл жағдайда шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату тәуекелі байқалады. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда 2 есе жоғары бағамен сатылған. Бұл 5,3 млрд теңгеге бюджеттік артық шығын әкелді, - деді Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы.
Айта кетейік, фармацевтика саласында 741 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталды.