18:36, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Жеке саудадағы кейбір тауарлар мен азық-түліктердің бағасы орташа импорт бағасынан бірнеше есе асып түседі
АҚТАУ. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Кедендік бақылау комитетінің қаңтардың 23-і мен 29-ы аралығындағы тауарлар мен азық-түлік бағалары туралы ақпаратына қарағанда, Маңғыстау облысындағы жеке саудадағы кейбір тауарлар мен азық-түліктердің бағасы орташа импорт бағасынан бірнеше есе асып түседі.

Мәселен, бір килә картоптың кедендік алымдар мен тасымалдау құнын қоса алғанда орташа импорттық бағасы 19 теңге болса, ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша оның жеке саудадағы орташа бағасы 98 теңгеге жетіп, импорт бағасынан 5,3 есе асып түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Кедендік бақылау департаментіне сілтеме жасап.
Өзгедей азық-түлік тауарлары бойынша да жағдай осындай: Қияр ? импорттық бағасы 30 теңге, жеке саудада 8,1 есе өсіп, 244 теңге болады. Қызанақ ? шекарадан өткенде 29 теңге, ішкі нарықта 290 теңге, өзгеріс 9,9 есе. Апельсин ? 27 теңгемен келіп, 11,8 есе қымбаттап, 325 теңгеге айналып шыға келеді. Алма ? 26 теңге, жеке саудада 259 теңге, өзгерісі 10 есе. Барлық азық-түліктер салмақ бірлігімен алғанда бір килә өлшеммен алынған. Тауарлардағы ахуал да осындай.