Жекелеген тауар түрлеріне ең төменгі баға деңгейі белгіленді

АСТАНА.KAZINFORM – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын жекелеген тауар түрлеріне қатысты қолданылатын ең төменгі баға деңгейінің жаңа мөлшерін жариялады. 

ЕАЭО
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Ведомство мәліметінше, аталған ең төменгі баға деңгейі 2026 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейін қолданыста болады.

– Комитет ЕАЭО елдерінен әкелінетін жекелеген тауарларға қатысты ең төменгі баға деңгейі қолданылатын тауарлар тізбесін және олардың мөлшерін бекітті. Бұл көрсеткіштер әр тоқсан сайын жаңартылып отырады, – делінген құжатта

Сонымен қатар ең төменгі баға деңгейін тоқсан сайын қайта қарау кейбір тауарлардың бағасындағы маусымдық өзгерістерге және импорттық бағалардың құбылмалылығына байланысты жүзеге асырылатыны атап өтілген. 

Оған қоса, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын жекелеген тауарларға қатысты ең төменгі баға деңгейі қолданылатын тауарлар тізбесі мен оны айқындау қағидалары Қаржы министрі міндетін атқарушының 2025 жылғы 31 қазандағы №658 бұйрығымен бекітілген. 

Айта кетейік, Қаржы министрлігі «Бағалардың ең төменгі деңгейі қолданылатын тауарлардың жекелеген түрлерінің тізбесін, сондай-ақ бағалардың ең төменгі деңгейін айқындау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгеріс енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Сондай-ақ Қазақстанда кейбір тауарларды сатып алуда ұлттық режимнен шығару ұсынылды.

 

Соңғы жаңалықтар