Жекешелендіру: Қарапайым халыққа қосымша салмақ түспей ме

Кәсіпорындар кәсіпкерге емес, халыққа қызмет көрсетуі керек
Шыны керек, 90-жылдары болған жекешелендіру науқандары кезінде біраз қателіктер кетті. Соның бірі - коммуналдық кәсіпорындар проблемасы. Сол кезде электр энергиясы, су мен жылу саласындағы біраз нысандар жеке меншікке сатылды. Нарықтық қарым-қатынастарға жол ашылады деген болжам болды. Алайда пысықай кәсіпкерлер өздерін ғана ойлады. Өндірісті жаңартуға күш те, ақша да салмады. Өндірісті жаңартудың орнына өз пайдасын көкседі. Соның салдарынан инженерлік желілер жыл сайын тозды. Қызмет көрсету сапасы да төмендеп, оның орнына баға көтерілді. Осындай проблемалардың салдарынан мемлекет әлгіндей нысандарды қайтарып алуға мәжбүр болды. Жекешелендіру кезінде тиын-тебенге өтіп кеткен кәсіпорындарды қыруар қаржыға сатып алуға тура келді. Сөйтіп, мемлекет қазынасы екі есеге шығындалды.
Кейбір сарапшылар, осы жолғы жекешелендіру кезінде дәл осы «теріс» тәжірибе қайталанады деген қауіптің бар екенін де айтады. Тіпті қазірдің өзінде аталған кәсіпорындардың басым бөлігі жеке меншікке өтіп кетті деп дабыл қағушылар да жеткілікті. Депутаттар да осының меңзеген болатын. «Ашығын айту керек, коммуналдық кәсіпорындардың шығыны көп. Сол себепті ондай нысандардың жаңа иелері бірден төлемақыны көтеруге кіріседі. Алайда xалықтың төлем қабілеттілігін ескермейді. Жөндеу жұмыстарын да жүргізбейді, теxниканы да жаңартпайды. Ақыр аяғында xалық зардап шегеді. Мәселен, жылдың басында Ақмола облысы Зеренді аудандағы Қонысбай ауылының 900-дей тұрғыны екі апта бойы сусыз отырды. Су қондырғысын кәсіпкер жекешелендіріп алса да, апаттық жағдай кезінде тиісті жұмыстарды атқармаған. Сол сияқты Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында мыңдаған адам сусыз қалды. Сол кезде «Қарғалы Су» мекемесінің иесі өз міндетін дұрыс атқара алмады», - деді депутат Владимир Божко жекешелендіру мәселесіне арналған Үкімет сағатында. Осындай мысалдарды алға тартқан депутаттар коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіруді тоқтата тұру қажет деп санайды. Алайда ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ондай нысандар жеке меншікке сатылса да, тарифтердің бәрі мемлекет тарапынан реттеледі дегенге сендіріп отыр. «Әрине, біз 90-жылдардың теріс тәжірибесін ескеруге тырысамыз. Біз коммуналдық кәсіпорындардың жарғылық капиталына қатысу арқылы тікелей бақылауды жүргізбесек те, реттеуші құзыретімізді қолданатын боламыз. Негізі, осы санаттағы нысандардың басым бөлігі табиғи монополия субъектілеріне жатады. Ал ондай кәсіпорындардың тарифтері мемлекет тарапынан реттеледі», - дейді Т.Сүлейменов. Министрдің айтып отырғаны орынды шығар, алайда кей жағдайда мемлекет сол монополистердің ығына кететінін де ескермеуге болмайды. Бұл да теріс тәжірибенің бір мысалы.
Кәсіпорындар арзанға қалай сатылады?
Жекешелендірудің тағы бір проблемасы - кәсіпорындардың арзанға сатылып кетуі. Мәселен, осы уақытқа дейін 77 нысан баланстық бағасынан төмен сатылған. Одан 70 млрд теңгеге артық табыс түсіруге болатын еді. Бұдан бөлек, 144 нысанның бағалау құны жарғылық капиталынан 172 млрд теңгеге аз болған. Ашығын айту керек, бүгінде ондай әрекеттерге заңның өзі себеп болып отыр. Ережеге сәйкес, кез келген кәсіпорын алғашқы сауда-саттыққа ең жоғары бағамен шығарылады. Алайда оған тек бір ғана сатып алушы қатысса, сауда өткізілмеген болып танылады. Содан екінші сауда жарияланады. Бірақ ол кезде кәсіпорынның бағасы екі есе төмен болады. «Осыған байланысты бірінші сауданың жалғыз қатысушысына жекешелендіру нысанын нарықтық бағасымен сатып алуға мүмкіндік беру керек. Ол үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу қажет. Бұдан бөлек, саудаға шығарылған кәсіпорынның балансында өтімді активтер болған жағдайда кейінгі саудаларда бағаны бастапқы құнынан 50 процентке емес, 5-10 процентке ғана төмендету керек. Қазіргі мәліметке сәйкес, бағалау құнынан төмен бағамен 192 нысан, яғни барлық кәсіпорындардың 52 проценті сатылды. Бұның айырмасы 41 млрд теңгені құрайды», - дейді депутат Нұртай Сабильянов. Әлбетте, кез келген кәсіпорынның баланстық құнын анықтағанда тәуелсіз бағалаушылардың көмегіне жүгінеді. Алайда жеке мүдде тәуелсіз бағалаудан басым болып кетуі әбден мүмкін. Әйтпесе жоғарыдағы қыруар қаражаттың қазынаға түспей қалуын қалай түсіндіруге болады?
Тағы бір мәселе - бүгінде жеке меншікке өткен көптеген нысандар әлі күнге дейін бюджеттен ақшасына күн көріп отыр екен. Мысалы, осы уақытқа дейін сатылған 68 нысан өткен жылы бюджеттен 20 миллиард 800 миллион теңге алған. Олардың ішінде денсаулық сақтау ұйымдары, коммуналдық кәсіпорындар, спорттық клубтар және тағы басқа мекемелер бар. Депутат Владимир Божко ондай махинациялардың қалайша жасалатынын біліп отыр. Оның айтуынша, жекешелендіруге жататын кәсіпорынды үш рет сатылмай қалса, оны ликвидацияға жіберу керек. Ондайда «кәсіпорын таратылды» деген есеп беріледі. Алайда, шын мәнінде, оны басқа мекемеге қосып жібереді де, бюджеттің ақшасын сорып отырады. «Ондай фактілер аз емес. Бұл - таза жекешелендірудің профанациясы. Талап бойынша бюджетке түсетін салмақты азайту қажет. Бірақ ол талап орындалмайды. Кәсіпорынды тараттық деп жар салады. Дегенмен, ол мекеме бюджет ақшасын қалай жеді, солай жеп отырады. Әсіресе, спорттық мекемелерді жан-жақты қарау қажет», - дейді В.Божко.
Денсаулық сақтау ұйымдарын жеке меншікке беруге бола ма?
Жекешелендіру кезінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, ҚазАгро сияқты қаржы ұйымдарының жеке меншікке сатылатыны белгілі. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың сөзіне сенсек, аталған құрылымдардың иесі ауысса да, талаптары өзгермейді. Сондықтан министр алаңдаудың қажеті жоқ дегенді алға тартып отыр. Әйткенімен, халық қалаулылары денсаулық сақтау мен мәдениет ошақтарының болашағына алаңдаулы. Депутат Зәуреш Аманжолованың айтуынша, бүгінде жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының саны артып отыр. Алайда медициналық қызмет сапасының өскені байқалмайды. «Жақында ғана біз урология институтын саттық. Қазір көз аурулары ғылыми институтын қайтадан саудаға шығарып отырмыз. Осы нысандырдың бағасы бастапқы бағадан екі есе төмен кетеді деп талай рет айттық. Дәл солай болып шықты. Мәселен, Республикалық көз аурулары ғылыми институты өткен жылы 2 млрд теңгені мемлекеттік тапсырыспен алса, 1,3 млрд теңгені өзі тапты. 300 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алды. Бұдан бөлек, 20 млн теңгеге қызметкерлердің біліктілігін көтерді. Осындай өзінің табысы бар ғылыми орталықтарды неге сатамыз? Өзіміздің біліміміз бен ғылымызды ары қарай қалай дамытамыз? Меніңше, осы ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттарын жекешелендіруді тоқтата тұру қажет», - дейді З.Аманжолова.
Оның ойынша, коммуналдық меншіктегі медицина мекемелерінің табыстары жоғары болса, оларды да жекешелендіруді жағын жан-жақты пысықтаған жөн. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко да осы мәселені қолдап отыр. Депутаттың ойынша, Астанадағы кардиохирургия мен нейрохирургия ұлттық орталықтарын да жекешелендіруге асықпау қажет. «Негізі, ол орталықтар екі кемеңгер адамның (Серік Ақшолақов пен Юрий Пя - авт.) арқасында табысты қызмет атқарып келеді. Олар өз ісін жақсы біледі. Сондықтан аталған орталықтарды жекешелендіру жайын да жан-жақты пысықтап алған дұрыс. Себебі мен орталық басшыларымен сөйлескенде олар жекешелендіруге қатыспай-ақ, табысты жұмыс жасай алатындарын айтты», - деп атап көрсетті В.Божко.
Ал депутат Қуаныш Сұлтанов Қазақфильм сияқты мәдени ошақтардың жеке меншікке беріліп кететіне алаңдап отыр. Оның айтуынша, Қазақфильм бірегей нысан болып саналады. Себебі кино - ол xалықтың руxани байлығы, мәдени құндылығы. Оны тек экономикалық табыс тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды. Қазақфильм сатылғаннан кейін xалықтың руxани-әлеуметтік өмірі қалай өзгереді? Осыны ескеруіміз керек. «Біз бір ай бұрын Үкіметке Қазақфильм туралы депутаттық сауал жібердік. «Нұр Отаннан» жеті депутат қол қойдық. Үкімет басшысы Сағынтаевтан «Ұлттық экономика министрлігі мен Мәдениет министрлігі сіздерге жауап береді» деген xат алдық. Бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ. Қазақфильмді шетелдік компания сатып алса, Қазақстан отандық кинодан айырылады. Себебі студияның жаңа иесі өз идеологиясын жүргізеді», - дейді Қуаныш Сұлтанов.
Жекешелендірудің тағы бір маңызды мәселесі бар. Комиссияның шешімімен мемлекеттік кәсіпорындар ликвидацияға ұшыраса да, жергілікті атқамінерлер оның орнына басқасын құрып, сатуға шығарып жатады. Міне, осындай олқылықтар жалғаса берсе, жекешелендірудің жыры бітпейтін сияқты. Ең бстысы қандай шара атқарылса да қарапайым халыққа ауыртпалық түспесе игі.