Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін береді - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор активтерін беру отандық кәсіпкерлікті, жеке бизнесті одан әрі нығайту мен дамыту үшін жүргізіліп отыр. Бұл жайында Ақорда жария еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған.
None
None

«Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіруді белсенді ете түсу үшін жекешелендіруден, активтерді әділ нарық бағасы бойынша сатудан, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік инвесторларға жекешелендіруге барынша қатысуға жағдай жасау үшін шектеулерді алып тастауға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Жекешелендірудің шешуші тетігі акцияларды қор рыноктарына ашық аукциондар арқылы орналастыру болады. 2016 жылдың І тоқсанында мүліктен айыруға жататын нысандардың тізімі қысқартылып, барлық акционерлердің квазимемлекеттік секторда иеліктен шығарылған активтерін сатып алуға басым құқықтарын алып тастауды қарастыратын заң жобасы жасалатын болады»,-дейді Н. Назарбаев.

Атап айтқанда, жаңа тетіктерді есепке ала отырып Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру басталды. Осы құжат шеңберінде бәсекелесті ортаға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» АҚ пен «ҚазАгро» АҚ-тың мемлекеттік меншіктегі аса ірі 65 компаниясы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың құрамына кіретін 173 еншілес және тәуелді ұйымдары берілетін болады. Сондай-ақ, 545 ұйымнан тұратын Жекешелендіру нысандарының қолданыстағы тізіміне өзекті сипат беріледі.

«2016-2018 жылдары «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ пен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ активтерінің бір бөлігі бәсекелесті ортаға өткеннен кейін олар ықшам холдингтерге қайта құрылатын болады. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор активтерін беру отандық кәсіпкерлікті, жеке бизнесті одан әрі нығайту мен дамыту үшін жүргізіліп отыр. Жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа серпін береді»,-делінген ҚР Президенті мақаласында.

Соңғы жаңалықтар