Жекпе-жек алдында ауруханаға түскен Әлімханұлы қазіргі жағдайы туралы жазба жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы қазіргі жағдайы туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

– Әр қиындық артында жеңілдік бар. Салмақ қуу барысындағы сынақты да бастан өткізіп жатырмыз, ағайын. Уайымдап жатқан жанашыр жанның бәріне көп рақмет. Аллаға шүкір, ауруханадан шықтық. Денсаулық бірінші орында. Біз жауынгерміз ғой. Мұндай сынақтар бізді сындыра алмайды, шыңдайды. Бұйыртса әлі талай әлемге қазақ стилін көрсетіміз. Қолдауларыңызға рақмет, - деп жазды Ж. Әлімханұлы.
Бұған дейін боксшының менеджері Берік Сұлтан боксшының қазіргі жағдайы туралы жазба жариялаған еді.
Еске сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Андрей Михайловичтің жекпе-жегі Лас-Вегасте (АҚШ) 13 шілде күні түнде болады деп жоспарланған еді. Қазақстандық боксшының салмақ қуу барысында есінен танып, ауруханаға түсіп қалуына байланысты жекпе-жек өтпейтіні хабарланды.