Жексенбіде балалардың суға кетуімен байланысты төрт бірдей қайғылы жағдай орын алды
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Өткен жексенбіде балалардың суға кетуімен байланысты төрт бірдей қайғылы жағдай орын алды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласына жақын орналасқан Қарауыл кентіндегі өз үйінің жанында су арнасына құлап, жеті жасар оқушы қыз батып кеткен. Осыған ұқсас жағдай Атырау қаласы Береке кентінде қайталанды. Үй ауласында орналасқан құдыққа құлап, екі жасар сәби көз жұмды. Сонымен қатар Тараз қаласы маңында үй ауласындағы су толы арыққа түсіп кетіп, бір жасар қыз бала қайтыс болған. Қарағанды облысы Северный кенті маңындағы Жыланды өзеніне екі жасар қыз бала батып кеткен.
«Аталған жағдайлардың барлығында да ойнап жүрген балалар үлкендердің қарауынсыз қалған. Осыған байланысты полиция азаматтардан жаз мезгілінде мұқият болуларын, өз балаларын көзден таса қалдырмауларын сұрайды», - деді Н.Ораз.