Желіде жалған аккаунтпен пікір жазарда абай болыңыз – полиция ескерту жасады

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысының полиция қызметкерлері интернеттегі заңсыз әрекеттер үшін жауапкершілік барын ескертті. 

Желіде жалған аккаунтпен пікір жазарда абай болыңыз – полиция ескерту жасады
Фото: ІІМ

Бүгінде әлеуметтік желілер күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналды. Мұнда адамдар пікір таластырылады, жаңалықтарды талқылайды. Бірақ интернет кей жағдайда құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасалатын орынға айналып отыр. Қаржылық алаяқтықтан бастап, адамды қаралап, кибербуллинг және жанжал тудыратын провокациялар жасайтындар аз емес.

– Көптеген желі қолданушысы «егер аккаунт жалған болса, деректер ойдан шығарылса және сервис шетелдік болса, оның авторын анықтау мүмкін емес» деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Кез келген пікір, хабарлама немесе жарияланым цифрлық із қалдырады. Тексеру және тергеу барысында полицияның арнайы бөлімшелері ресми сұраулар жіберіп, аккаунт тіркелген деректерді, соның ішінде телефон нөмірлері мен басқа цифрлық идентификаторларды ала алады, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінен. 

Желідегі анонимділік – шартты, ал жауапкершілік – нақты екенін ұмытпау керек. Сондықтан тәртіп сақшылары қаралау, қауіп төндіру, жалған ақпарат тарату, жанжал қоздыру және басқа да заңсыз әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті. 

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жаңа Конституцияға қатысты фейк таратқан тұрғын жазаланғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар