Желтоқсан көтерілісінің 25 жылдығына арналған "Желтоқсан жаңғырығы" деп аталатын жаңа кітап шығады

Оны «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырыс аясындағы қолдауымен жарыққа шығармақ.
«Жинақтың 1-бөлімінде тарихшылар, ғалымдар, саясаткерлер мен жазушылардың сараптамалары мен естеліктері қамтылған. Екінші бөлімінде желтоқсанның суық ызғарына шалдығып, сұсты аранына жұтылып, ажал құшқан қыршын тағдырлар жайында сыр шертіліп, жазықсыз жала жабылып, түрменің кермек дәмін татқан қайсар ұл-қыздармен сыр-сұхбаттар берілген. Желтоқсан көтерілісінің бізге беймәлім қырларын қамтуды масат тұтқан бұл еңбекте біз желтоқсан көтерілісіне қатысты жәйттарды желтоқсандықтардың өз аузымен айтуға тырыстық», - дейді кітапты құрастырушы топтың жетекшісі - ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Болатбек Төлепберген.
Оның айтуынша, бұл кітапта Мұхтар Шаханов, Ханкелді Әбжанов, Сабыр Қасымов, Қайым-Мұнар Табеев, Темірхан Момбекұлы сияқты желтоқсан көтерілісін зерттеп жүрген қаламгерлердің бұрын жарық көрмеген материалдары беріліп отыр. Сондай-ақ қазақтың біртуар ұлдары - Досқан Жолжақсынов, Бекболат Тілеухан тәрізді азаматтарымыздың желтоқсан көтерлісі кезіндегі қайраткерлік қырлары да сөз болады.