Желтоқсан оқиғасы ел жадынан өшпек емес - Н. Есқалиева, БҚО
Оның айтуынша, өзі 1984 жылы Фурманов орта мектебін бітіріп, Алматыға аттанған. Алматы шет тілдер институтында білім алған екен.
«Бізді алда ұлы тарихи оқиғалар, тағдырдың үлкен сыны күтіп тұрғанын ол кезде сезген де, білген де жоқпыз, дейді ол. Бәрі аяқ астынан болды. 1986 жылғы 16 желтоқсан күні кешкі сағат 22.00-де «Время» хабарында СОКП ОК Саяси Бюросының шешімімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Д.А.Қонаевтың орнынан алынғаны, оның орнына әлдебір Колбиннің тағайындалғаны жарияланды. Сол-ақ екен, жатақханалар қалашығы түнімен абыр-сабыр жүріс, ажың-гүжің әңгімеге толып кетті. Студенттер наразы болды. Ашу-ызаға булықты. Ертеңіне сабаққа баратын болып дайындалып жатқанбыз 10 студенттің айқайлап, алаңға шығу керектігін айтты. Желтоқсан көшесінен Л.И.Брежнев алаңына өтер қиылыста қарулы солдаттар сап түзепті. Жаяулап алаңға келсек, қанды қырғын басталып кеткен екен. Қараңғылықты тілгілеген прожектор жарығы, су шашқан машиналар, зіркілдеген әскери бұйрықтар, өртенген «Уазик» көлігі, қайшыласып жүгірген солдаттар, шыңғырған қыздар, шабуылға тас атып, ұмтылған қазақ жігіттері. Бір кезде басымнан қатты соққы тиді. Есімді Алматы қаласының шетіндегі Айнабұлақта жидым. Біздерді тиеп сол жерге апарып тастапты. Қаланың шеті, жатақханаға жаяулап, жалпылап таңсәріде жеттік. Содан оқуды тастап, Арқалық қаласында тұратын аға-жеңгеме кетіп қалдым. Басым жарылған екен, Арқалықта болып, ем алдым. Сосын 1987 жылы қаңтар айында ауылға қайтып келдім. Оқуға шақырды, бармадым.
«Иә, біз алаңда болдық. Бізді ешкім күштеп апарған жоқ. Қазақ елі сол оқиғадан тура бес жылдан кейін тәуелсіздікке қол жеткізді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған тәуелсіз Қазақстан, қазақ халқы, барша қазақстандықтар азаттық жылдарында толайым табысқа қол жеткізіп, әлемге әйгілі, іргелі республикаға айналды. 1988 жылы Жанайдар есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Қазақ топырағында ұрпақ өсіп, балалы-шағалы болдық. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, бүгінде бақытты ата-әже атанып отырмыз. Бұл - кешегі Желтоқсанның, бүгінгі Тәуелсіздіктің арқасы! Алладан ендігі тілек - Тәуелсіздік мәңгі жасасын! Қазақ елінің мәртебесі арта берсін!» - деді Н.Есқалиева.